Өңірге келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Тайынша және Аққайың аудандарында болды. Сапар барысында егін орағының барысын көріп, ірі жауакершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты.
Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин болды. Ол алдымен Тайынша ауданына ат ізін салды. Мұндағы Аймақ ауылында "МEMOLUX" серіктестігі жылдан-жылға даму үстінде. Қытайлық инвестордың арқасында жаңа өндіріс орындары ашылуда, шығарылатын өнім көлемі еселеп артуда.
Заманауи компания өнімнің бірнеше түрін шығарады. Олардың барлығы Қытайға экспортталады. Яғни, өндіруші тарап теріскейдің сапалы тауарымен аспан асты елінің тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр.
Серіктестік бірсыпыра адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбекке тартылғандардың дені - Аймақ ауылының тұрғындары. Премьер-Министрдің орынбасары мамандармен тілдесті.
Инвестор бір орында тоқтап қалмақ емес. Ол өндіріс көлемін арттырмақ ниетте. Жоспар ауқымды.
Жоспар көңілден шығады. Жаңа өндіріс орындары іске қосылса, өнім көлемі артады, адамдар жұмыспен қамтылады, салық түсімі ұлғаяды. Бұл ретте мамандардың әлеуметтік жағдайын ұмытпау қажет. Серік Жұманғарин жалақы көтеру жайлы айтты.
Тілдесу барысында теріскейлік өнім тиелген вагондарды шекарадан қиындықсыз өткізу жайы да сөз болды. Мәселе өзекті, қолдау қажет.
Премьер-Министрдің орынбасары билік жауапты кәсіпкерлерге көмектесетінін мәлім етті. Бұдан соң Серік Жұманғарин "Астық STEM" серіктестінің картоп алқабында болды. Өнім бітік шыққан. Германиялық сорттың сапасы да жоғары.
Биыл сәбіз де молынан шыққан. Енді бұл сапалы өнім өңірдің, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Тайыншада Премьер-Министрдің орынбасары жергілікті диқандармен де кездесті. Сала өкілдерін алаңдататын мәселелер бар. Теріскейлік тауар өндірушілер жеңілдетілген қаржылай қолдауға дән риза. Алайда, олар берілген несиенің мерзімі ұзартылғанын қалайды. Серік Жұманғарин айтылғанды мұқият тыңдады және жауапты тұлғаларға ұсынысты қарастыру бойынша тапсырма берді.
Дымқыл астықты кептіру - бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл жұмыс жер-жерде жүргізіліп жатыр. Сапар барысында Серік Жұманғарин Тайыншадағы элеваторлардың біріне барып, жағдаймен танысты. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары ет және ет өнімдерін өндіретін EMC Agro және Аққайың ауданындағы Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы серіктестіктерінде болды.