Петропавлда 17 қарашада көп қабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде құтқарушылар 220 адамды эвакуациялады. Тоғыз қабатты ғимарат Парковая көшесінің бойында орналасқан. Өрт сегізінші қабатта шығып, пәтердегі үй заттары мен жиһаз жанды.


Өртенген пәтерден бір адам табылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен 1977 жылы туған ер адам пәтер иесі әйелдің ұлы.


ГҮЛНАР ҚАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Ер адам Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға түсті. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Түскен кезде көмірқышқыл газына қатты уланғаны және тыныс алу мүшелері термиялық күйік алғаны анықталды. Барлық тиісті ем-дом жасалды. Қазіргі уақытта сырқат өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Өздігінен демалып жатыр, бірақ жағдайы әлі де тұрақты түрде ауыр. Оң өзгеріс бар, бірақ әлі де жансақтау бөлімінде жатады. Кейін терапия бөлімшесіне шығарып, амбулаторлық ем алуға үйіне жібереді.