Әділ басшы,халықтың нағыз жанашыры бола білген Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл. Қоғам және мемлекет қайраткері небәрі 34 жасында Қазақ үкіметінің тізгінін ұстады. 1946 жылы Қазақ КСР-НІҢ Ғылым Академиясын құруға атсалысты. Ұлттық кадр даярлауға көп көңіл бөлді. Қазақтың бағына біткен азамат ұлты үшін ұлы істер атқарып, тар жол тайғақ кешті.


Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы Түркістан облысында туған. Қазақ халқының біртуар азаматы жас кезінен ақ көшбасшылық қабілеті арқылы ерекшеленген. Қайраткер тұлға 1938-1951 жылдар аралағында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан. Ол 1942 -1944 жылдары "Самарқан" деген белгісіз атаумен салынған металлургтер қаласына «Теміртау» деген ат берген. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай Нұртас Дәндібайұлының көзін көрген.


ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ПРОФЕССОР:

- Теміртаудан металл зауыт салынатын болған. Сол кезде Мәскеуге іс-сапармен бардым дейді. Министр қол қойып жатып,одан бұл қаланың атын не деп қоямыз сұрапты. Сол кезде мен ойланып қалдым дейді. Қара металлургинияны қазақша не деп айтады? деп сұраған екен одан. «Темір» деген. Ал, темір көп болса ше деген кезде ойланып «тау тау темір» депті. Кейін министрге орысша «железная гора» деп айтып түсіндірген. Кейін Қазақстанға келгеннен кейін Орталық комитетпен, Қазақ азаматтарымен ақылдасып, солай «Теміртау» деп бекіттік деді.


Нұртас Дәндібайұлы 1951-1953 жылдары Мәскеудегі Жоғары Партия мектебінде оқыған. Келгеннен кейін 1954 -1955 жылдар аралығында Қазақстан Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарды. Сол уақытта елдің дамуына оң өзгерістер әкелетін заңдарды шығарып, қол қойған. Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлға бірінші кезекте сауатсыздықпен күресті. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында мұғалімдер институтын ашты.


ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ПРОФЕССОР:

- Мен оны 80-ге келген кезінде көрдім. Әдемі, ұзын бойлы, киімі сәнді, сөйлеуі байыпты болды. Маған бірақ «сіз» деп сөйледі. Маған сен деп айта беріңіз, әкемнен де үлкен кісісіз ғой дедім. Ол болса, «мен әдеттеніп кеткем, сен деп айта алмаймын» деді. Мен Нұртас Оңдасыновтың «қазақша парысша, қазақша арабша» сөздігін әліппедей оқып, үйренген адаммын. Осы уақытта ол кітапқа қарап отырамын.


Нұртас Оңдасынов кино саласына да сүбелі үлес қосты, ұлттық өнердің де қамқоршысы болды. 13 жыл Қазақстан Үкіметін басқарған қоғам қайраткері өзінің қандай басшы болғанын «Біріншіден – қолым таза, екіншіден –арым таза, үшіншіден – жүзім таза» деген сөзімен-ақ нақты жеткізеді. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін Ресейдің Мәскеу қаласында тұрды. Ғылыми жұмыспен айналысып, 6 кітап жазды.