Петропавлда жасөспірімдер арасында баскетболдан облыс кубогы басталды. Дәстүрлі додада 15-16 жастағы балалар өнер көрсетіп жатыр.
Жарысқа 8 команда келді. Оның 6-ауы аудандардың намысын қорғаса, қалған 2-еуі - жергілікті ұжымдар.
ПАВЕЛ АНТОНЕНКО, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ:
- Ауыл балалары техникалық және физикалық тұрғыда осалдау. Олар Петропавлдағы «Барс» және «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне есе жіберіп жүр. Соңғы уақытта «Барс» командасы қарсылас шақ келтірмейді. Біз еңбекқор, талантты жастарды анықтап, олармен тиісті жұмыс жүргіземіз. Мақсатымыз - «Барс» баскетбол клубының қатарына қосу, жоғары лигада өнер көрсеткендерін көру.
Ортада «Жеңіс» мектебінің тәрбиеленушілері мен уәлихановтық балалар күш сынасып жатыр. Баскетболшылардың жылдамдығы жоғары. Олар әрі-бері жүгіріп, ұпай еншілегісі келеді.
Дегенмен, петропавлдық баскетболшылардың айы оңынан туды. Олар чемпион болуға бір табан жақындады.
АРТУР ПОПОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, УӘЛИХАНОВ АУДАНЫ:
- Жарысқа 1-ші орын үшін келіп едік. Алғашқы ойында «Жеңіс» командасына 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалдық. Тартысты матч болды. Сайысқа тыңғылықты дайындалдық, біраз тер төктік. Өзім баскетболмен 5 жыл айналысамын. Келесі жылы чемпион боламыз деген ойдамын.
Жасөспірімдер арасында баскетболдан облыс кубогы 3 күнге созылады. Додада 1 және 2 орын алған команда өкілдеріне алғашқы спорттық разряд беріледі.