Біржан салдың 190 жылдығына орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Біржан сал-қазақ ән жырының шам шырағы» атты кеш өтті. Іс-шараны «Аманат» партиясы ұйымдастырды.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғасы, қазақ даласына танымал айтыскер, ақын, әнші әрі сазгер Біржан Қожағұлұлының биыл 190 жылдығы. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында әдеби-музыкалық кеш өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар және Петропавлдың жоғары оқу орындары мен мектептерінің студенттері мен оқушылары қатысты.
ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНҰЛЫ ӨЛКЕТАНУШЫ, САЗГЕР, «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «МИРАС» КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
- Біздің осы өлкедегі Біржан сал сияқты үлкен тұлғаның өнердегі, қазақ өнеріндегі орны ерекше. Оның біздің елде туып-өскені, біздің елдің тарихына, жердің тарихына, Қызылжар өңірінің тарихына байланысты болуы біз үшін өте үлкен, зор жетістіктің және мақтаныштың белгісі деп ойлаймыз. Сондықтан да Аманат партиясының Біржан салдың 190 жылдығын атап өтуі өте құнды әрі маңызды іс деп санаймыз.
Біржан сал жас кезінен-ақ танымал болды, ол ерекше вокалдық дауысқа ие әнші, әрі домбырада шебер ойнайтын музыкант ретінде көпке таныла білген тұлға. Оның шығармалары мен әндері адамгершілік, асыл қасиеттер мен ізгілік тақырыбын терең қозғайды. Туындылары бүгінгі күнге дейін сақталып, бізге асыл мұра ретінде жеткен.
СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, КҮЙШІ-ДОМБЫРАШЫ:
- Ән атасы, көп әншілерге, ақындарға үлгі тұтып өсті. Шөже, Орынбай сияқты адамдардан ол да сол әншілерді топтап өсірді. Мысалы, Балуан Шолақ, Ақан сері сияқты адамдар да болды. Ал енді сол Біржан салымыз да жерден шыға қалған адам емес. Ол — атақты Сегіз сері деген ақын бабамыздың ізін жалғап, олардан үлгі алып, өнеге есітіп, солардың жолын қуып, солардан тәлім-тәрбие алып өсті.
ІС-шара барысында шақырылған өнерпаздар мен өнер колледжінің түлектері ақынның туындыларын орындап, көрерменге тарту етті.