«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» өңірдегі құрылыс саласындағы мердігер компания иелерімен кездесті. Жиын барысында тұрғын үй құрылысын қолдау мүмкіндіктері, оның ішінде үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру, құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау тетіктері талқыланды.

Кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Жиында жергілікті атқарушы органның және екінші деңгейлі банктердің өкілдері құрылысқа рұқсат беру, ипотекалық өнімдерді берудің өңірде жүзеге асырылып жатқан мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Өткен жылы 306 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды, оның 191 мың шаршы метрі Петропавл қаласында салынды. Ал биыл 330 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарладық, оның 59 мың шаршы метрі жеке құрылыс салушылар есебінен жүзеге асырылады. Сол үшін бүгін жеке құрылыс компания өкілдерін бұл жиынға Қазақстан Тұрғын үй компаниясының мүмкіндіктерімен таныстыруға шақырып отырмыз.

Кездесуде өзекті мәселе - елдегі үлестік құрылыстың «көлеңкелі» нарығы да талқыланды. Мәселен бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Тұрғын үй компаниясы кепілдігі не жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде үлескерлердің қаражаты заңды түрде тартылған жобалар жоқ. Сондай-ақ кепілдік алу, субсидиялау және қаржыландыру мәселелерін таныстырды.

АЛТАЙ КҮЗДІБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Бүгінгі сапармыздың ең басты мақсаты осы жергілікті органдар осы облыстың территориясында жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларын жинап, өзіміздің қолдау инструменттерімізді таныстыру. Ең алдымен ол, заң бойынша қалай үлескерлерді тартуға болады, қалай субсидиялау инструментін қолдануға болады. 

Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдік несиесіне, субсидиясына немесе қаржыландыру мүмкіндіктеріне Тұрғын үй порталы арқылы онлайн өтініш беруге болады.