Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы көктемгі тасқын кезінде зақымданған 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіруге «Демеу» корпоративтік қорынан 4,8 млрд теңге бағытталды. Тағы 627,6 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазір ол жерлерде жұмыстар қызу жүріп жатыр. Бұзылған бөгеттер қайта салынып, барынша нығайтылады.
Биылғы су тасқынының салдарын жою және келер жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жайында өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды. Автожолдардың зақымдалған 42 учаскесінің 38-і толығымен қалпына келтірілді. Бұл үшін еліміздің төтенше резервінен 5,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 4 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жалғасқан. «KAZ Minerals Demeu» компаниясының қаражаты есебінен Петропавл қаласының бірінші көтеру сорғы станциясында 3,2 млрд теңгеге қайта жаңарту жобасы қолға алынды. Бүгінгі таңда бірінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ тасқын шайған 184 тірек қалпына келтіріліп, 12 км электр тарату желілері салынды. Су басқан елді мекендерде қосымша 40 км электрмен жабдықтау желілері салынып, 480 тірек орнатылған. Жалпы кәріз коллекторларын, жолдарды, электр желілерін, білім беру нысандарын жөндеуге, бөгеттерді нығайтуға және орнатуға, қоқыстарды шығаруға және басқа да іс-шараларға жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Жалпы биылғы көктемде өңірде барлығы 3898 үйді су басқан болса, оның 2191-і Петропавлда. Қалғаны негізінен Қызылжар ауданында тіркелген.