«Қазақстан» телерадиокорпорациясының білікті мамандарынан құралған командасы облыстарды аралап, филиалдағы әріптестерімен кездесіп жатыр. Ұлттық арнаның бас режиссері, аға қоюшы-операторы, монтаж режиссері, арт-директор және интернет-редакцияның жетекшісі бұған дейін оңтүстік, батыс және солтүстік өңірлердегі филиалдарында болды. 6 қарашада Қызылжар телеарнасына келді.

Корпорация басшылығының бастамасымен мамыр айында жолға шыққан команда әр филиалда 2-3 күн болып, шеберлік сағаттарын өткізді. Іс-сапардың мақсаты – өңірдегі әріптестерге көмектесу, тәжірибемен бөлісіп, хабар таратудағы жаңа үрдіспен таныстыру. Заман талабына сай әлеуметтік желінің артықшылығын дұрыс пайдаланып, өз өнімі – телебағдарламалар мен жаңалықтарды жарнамалауға үйрету. Бас режиссер Қарлығаш Смағұлованың айтуынша, облыстық филиалдарда негізінен жастар жұмыс істейді, араларында үйренсем-білсем деген мамандар көп. Бұл бастама жалғасын табады. Келер жылы корпорация командасы қалған Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды филиалдарын араламақ