Таза Қазақстан республикалық акциясы жалғасып жатыр. Петропавлдағы Абылай хан резиденциясының маңайын жинау үшін «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жастар ассамблеясының» волонтерлері және студенттер жиналды. Тазалық іс-шарасына 50-ден астам адам қатысты.


«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Бірге - таза Қазақстан» эко акциясы ұйымдастырылды. Волонтерлер және жастар Абылай хан резиденциясының маңын жинастырды.


ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, "ЖАСТАР АССАМБЛЕЯСЫ" РҚБ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Осындай экологиялық акцияларды біз жиі өткізуге тырысамыз. Қазіргі сандарға сүйенсек Петропавл қаласында 250 экологиялық акция өткіздік. Ал біздің өңіріміз бойынша мыңнан астам. Біз осы жерді таңдаған себебіміз Абылай хан резиденциясы біздің өңіріміздің ең киелі жерлерінің бірі деп саналады. Және де біз жастар болып, қала тұрғындары болып, осындай біздегі қасиетті жерлерімізді тазалықта ұстауымыз қажет.


Петропавлды тазалықта ұстау үшін мұндай акцияларға М.Қозыбаев атындағы СҚ университетінің студенттері де қатысып жатыр.


ВЛАДИМИР МУСИЕВСКИЙ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

- Дәл осындай тазалыққа қатысты іс-шараларға мен оқушы кезімнен қатысып келемін. Қоршаған ортаны, айналаны тазалықта ұстау міндет деп білемін. Жалпы биыл эко акция басталғалы бірін де қалдырған жоқпын.


Күн жылынғалы Петропавл қаласында 250 ден астам экологиялық акция өткізілген. Осы уақытқа дейін 30 тонна шамасында қоқыс шығарылды.