Өңір диқандары әр ашық күнді пайдаланып, жаз бойы маңдай термен өсірген алтын дәнді жинап жатыр. Қазіргі міндет – бітік шыққан астықты бір талын шашау шығармай қамбаға құйып алу. Бүгінге дейін 1 млн 200 мың га алқаптан дәнді және дәнді бұршақты дақылдар жиналды, әр гектардан 17 центнерден өнім алынып жатыр. 2 млн тоннадан астам дән бастырылды. 


Қоңыр күз басталғалы шаруадан маза кетері анық. Күннің райын, қабағын баққан ол жылы күндерде қамбасын толтыруға асығады. Қазір өңір диқандарі күні-түні алқап басында жүр.


ЭСМАН БАСАРАР, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БРИГАДИРІ:

- Бұл жыл жаңбырлы болғандықтан бізге біраз мәселе туындатып тұр. Алайда қалай күн ашылады, солай бірден жұмысқа кірісіп жатырмыз. Қазір орақта 5 комбайн жүр. Жұмысшылар демалыссыз еңбек етуде. Күн райы бұзылғанға дейін бидайдың біраз бөлігін жинап алсақ дейміз.


М.Жұмабаев ауданы Октябрь ауылында 3 үлкен шаруашылық бар. Барлығы да дерлік егіншілікпен айналысады.


МАҚСАТ ЕСЖАНОВ, АҚҚАЙЫҢ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Октябрское агро шаруашылығына келіп тұрмыз. Бұл жерде үлкен 5 мыңдай гектармен шұғылданады. Жылда егістік, мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда егістік алқабында көп техниканың бәрі, комбайнның бәрі, механизатор, жүргізушілердің бәрі қазір поляда. 


Жалпы биыл облыс бойынша 4,5 млн гектар жерге дән себілген. Өңірде астық сақтау бойынша қызмет көрсететін жалпы көлемі 3,2 млн.тоннаны құрайтын 46 элеватор бар. Сондай-ақ, фермерлерде сыйымдылығы 3,7 млн тонна болатын 332 астық қабылдау пункті жұмыс істейді. Яғни астықты кептіріп, сақтауға жеткілікті.


Зарина Кәп