Биыл еліміздің “Ата Заңының” қабылданғанына - 29 жыл. ҚР Конституциясының 3 - бабы, 1 - тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілектеріне бағытталуы қажет.
Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы таңдайды. Ал оны іске асыруды мемлекеттік органдарға тапсырады. Жалпы, ҚР-да билікті ешкім иемденіп кете алмайды. Иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл қоғам мен билік өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
СВЕТЛАНА СУЛЕЙМЕНОВА, ЗАҢГЕР:
- ҚР Халық атынан билік жүргізу құқығы Президентке және өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламентке берілген. Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізе алады. Республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы және өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.