Петропавлда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар тұрғын үйдегі жылумен жабдықтау жүйелерін жуып шаюға кірісіп кеткен. Қазіргі таңда 161 көппәтерлі тұрғын үй жылуды қабылдауға техникалық тұрғыдан дайын. Бұл барлық үйдің тек 13,7 пайызы ғана.


Петропавлдағы Парковая 53 мекенжайындағы көпқабатты үйде мамандар жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көп пәтерлі тұрғын үйдің жертөлесінде құбырлар ауыстырылады. Ішінара жөндеуге шамамен екі жүз мың теңге жұмсалмақ. Келесі кезекте жылумен жабдықтау жүйелерін жуып-шаю жұмыстары тұр.


АСҚАР СЕКСЕНОВ, ПАРКОВАЯ КӨШЕСІ, 53 БОЙЫНША МИБ ТӨРАҒАСЫ:

- Енді міне, егер біз жылумен жабдықтау жүйелерін тазартып болсақ, онда бақылаушылар келіп тексереді. Олар бізге жылу маусымына дайын екендігіміз туралы акт жазып береді. Егер бір жерден ақау пайда болса, онда біз оны жойып,әрі қарай жұмысты жалғастырамыз. Яғни, бірінші реттен қолымыздан келмесе, екінші рет қайтадан жасап көреміз. Үйдің жылумен жабдықтау жүйелері дайын болмайынша бізге акт берілмейді.


Петропавлда 1170 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Оның 759-ында үйге жауапты бірлестік, кооперативтер бар.


НИНА УСЕНКО, ПЕТРОПАВЛ Қ. ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- 2024 жылғы 24 шілдедегі мәлімет бойынша 161 көппәтерлі тұрғын үй жылуды қабылдауға техникалық тұрғыдан дайын. Бұл барлық тұрғын үйлердің 13,7 пайызы. Хабарландыруға тұрғын үй инспекциясы және әкімдік жауап береді. Сондай-ақ, түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.


Егер үйде басқарудың қолданыстағы нысаны болмаса, онда тұрғын үйді дайындауға пәтер иелереінің өздері жауапты болмақ.


ЕРЛАН ЖҰМАХАН