Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде солтүстік қазақстандық спортшы Ислам Евлоев чемпион атанды.


Жерлесіміз грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Өте тартысты өткен финалдық белдесуде Ислам түрік балуаны Альперен Белберді 9-3 есебімен ойсырата ұтты. Бұған дейін спортшы іріктеу кезеңінде Чехия өкілін тізе бүктірді. Бұдан кейін жерлесіміз 1/8 финалда неміс, ал ширек финалда Қытай балуандарын айқым басымдықпен ұтты. Исламның жартылай финалдағы қарсыласы Абдурахман Абдулкадыров тіпті боз кілемге шығудан бас тартты. Айта кетейік, бұл қазақстандық грек-рим күресі шеберлерінің бірінші жүлдесі емес. Осыған дейін 67 келі салмақта Юсуф Ашрапов күміс медаль ұтып алса, Айбек Айтбеков, Темірлан Тұрдақын және Ондасын Хамитов қоланы қанағат тұтты.