Мамлют ауданында биыл 131 мың гектардан астық орылуы тиіс. Өңір диқандары егін жинау науқанын бастады, алайда ауа райы қолайсыздық тудырып тұр. Бүгінгі таңда барлық алқаптың 16 мың гектардан астамы шабылды, оның 5 мыңға жуығы бидай. «Новомихайловское-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде егіс көлемі 10 мың гектарға жуық болса, оның 5 мыңы бидайға бөлінген. Одан бөлек арпа, сұлы, бұршақ, рапс, зығыр, қарақұмық бар.


Жаздай бел жазбай еңбек еткен шаруалар үшін қазір қауырт шақ. Күздің ала-бұлт күні шаруаның сылбыр қимылдағанын күтпейді. Қазір облыстағы диқандарға жаңбырлы ауа райы қол байлау болып тұр. Десе де егін егілген жалпы аумақтың 22 пайызы жиналды. Ал бұршақ пен жасымықты толық жинап үлгерді. Астық қабылдау пункттеріне дәнді дақылды тасу үшін шаруашылық 16 техника жұмылдырылды. Ал егін жинауға 12 комбайн және 38 механизатор пайдаланылады. Барлық ресурстар мен инфрақұрылым дайын, тек күн райының жылынуын ғана күтеміз», - дейді ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші.


ОЛЕГ ЩЕГОЛЕВ, «НОВОМИХАЙЛОВСКОЕ-2003» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Биыл ылғал жеткілікті болып, егін жақсы шықты. Бір гектардан 3,5 тонна бидай алып жатырмыз. 148 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етсек, орақ науқанында 20-30 адамды уақытша жұмысқа қабылдаймыз.