“Ұлы дала жорығы” халықаралық марафон бәйгесі Айыртау ауданынан бастау алады. Шабандоздар облыс аумағын басып өтіп, Астанаға жол тартты. Аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден келген 17 құрама қатысып жатыр.


Өркениеттің талбесігі Ботайдан ел жүрегі Астанаға дейін. Адамдар елордаға көлікпен барса, шабандоздар сәйгүліктермен жетеді. Дүбірлі дода атақты Құлагердің тұяғы тиген аққайыңдар өлкесінен басталуы тегіннен тегін емес. Себебі, аталған қоныста жабайы жылқы тұңғыш қолға үйретілген. Басты мақсат - шет мемлекеттерден келген туристерге көненің көзін көрсетіп, ел табиғатына тамсандыру.


ИСЛАМБЕК САЛЖАНОВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде ұлттық спорт дамып келеді. Соның бір айқын дәлелі - ел астанасында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтейін деп жатыр. Дүбірлі дода арқылы шетелдіктер Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін көре алады.


Солтүстік өңірге Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан және сонау Орталық Еуропада орналасқан Мажарстан елінен келген сәйгүліктердің тұяғы тиді. Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысының құрамалары қорғайды. 


ЕРЖАН ТОҚБЕРМЕРГЕНОВ, ШАБАНДОЗ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ:

- Бәйгеге тыңғылықты дайындалдық. Ел ішінде де қаншама іріктеулер болды. Қазақстанға келгенімізге 4 күн болды.))

Бір ерекшелігі, дүбірлі додаға қыздар да қатысуда. Бірі Маңғыстаудан келген «Суын» командасы болса, екіншісі - Ақмола облысының «Томирис» құрамасы. Ақмолалық арулар бұған дейін республикалық марафон-бәйгеде шапқан, тәжірибе жинақтаған. Ал Иран елінен келген шабандоздар мұндай айтулы шараға бірінші рет қатысып отыр.


АМИН РАХШОН, ШАБАНДОЗ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ:

- Қазақстанға бірінші келуіміз. Бізді жақсы қарсы алды. Қазақтарды қонақжай халық деп естуші едім. Көзім жетті. Жарысқа келетін болсам, 4 ай дайындалдық. Сіздердің елдеріңізге ерте келдік. Себебі, бізге климатқа үйрену керек. Бұл - спортта аса маңызды фактор. Басты мақсатымыз - чемпион болу.


Іс-шараның шымылдығын бірінші болып «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев ашып, ұйым және Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөзін оқып берді.


ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «AMANAT“ ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

- Дүбірлі дода көшпенділердің тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетін бүкіл әлемге паш етеді. Түбі бір түркі жұртының жауынгерлік өнері мен мәдени құндылықтарын дамытады. Сондай-ақ, бауырлас халықтар арасындағы достықты нығайтады.


Содан соң сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа сөз берілді.


ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- “Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесінің қатысушылары мен қонақтары, қасиетті Солтүстік Қазақстан өлкесіне қош келдіңіздер! Біз осы жарысымыздан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бастаймыз.


Міне, көптен күткен сайыс та басталды. Іс-шараға жиылған көрермендердің де қарасы қалың. Ең бірінші болып жорыққа Қырғызстаннан келген шабандоздар аттанды.


Із суытпай екі минуттан соң маңғыстаулықтар да жолға шықты. Барлық құрамалар Астанаға дейін 500 шақырымды еңсеруі тиіс. Әр 50 шақырым сайын тынығуларына мүмкіндік бар. Дүбірлі дода қыркүйектің 7-сі күні аяқталады. Жарыстың жүлде қоры - 100 мың АҚШ доллары.