Солтүстікқазақстандық полицияның үздік жедел уәкілі анықталды. Байқауда жедел бөліністердің 16 қызметкері бақ сынады. Нәтижесінде криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкіл Миржан Махмет үздік деп танылды. 


Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» жыл сайынғы байқауының қорытындысы шығарылды. Үздік атану үшін полиция департаментінің құрамындағы жедел бөліністердің 16 қызметкері бақ сынады. Үміткерлер дене шынықтыру дайындығын, табельдік қаруды қолдана білуін көрсетті, заңнама бойынша тестілеуден өтті. Сондай-ақ қызметтегі қол жеткізген көрсеткіштері де есепке алынды. Нәтижесінде полиция майоры Миржан Махмет үздік атанды.


МИРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Осы жылғы қыркүйекте «Үздік жедел уәкіл» байқауы өтті. Жалпы байқауға 16 қызметкер қатысты. Барлығы өз бөлімінің үздіктері болған. Сайыстың нәтижесі бойынша мен жеңімпаз атандым. 


Полицияға қызметке Миржан ішкі істер органдарында қызмет атқарып зейнетке шыққан әкесінің жолын қуып келген. Миржан тәртіп сақшыларының қатарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді, Жамбыл ауданында басшылық қызметте болған. Өткен жылдан бастап СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының «К» тобында аға жедел уәкіл лауазымында.


ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Бұл қызметкер криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі лауазымда 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет атқарып келеді, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға бекітілген. Қызмет барысында өзін білікті, тәртіпті, жауапты маман ретінде жақсы жағынан көрсетті. 


Миржан жыл басынан 60-тан астам киберқылмыстың ашылуына қатысқан. Олардың арасында өзін полиция қызметкері болып таныстырған және адамдардың сеніміне кіріп олардың атына несие ресімдеген 28 жастағы петропавлдықты ұстау фактісі бар. Қылмыстық істе 16 эпизод болды. Қазіргі уақытта қылмыскер 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр. Миржан бұл жеңіс қызметті жақсы атқаруға ынталандырады деп есептейді. Ол енді ҚР ІІМ-де өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайды.