Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үйлерден бөлек әлеуметтік нысандарға да айтарлықтай залал келді. Ойқала ықшам ауданындағы Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектеп те зақымданды. Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев жөндеу жұмысы аяқталуға шақ қалған білім ордасының ішін аралады.


Тасқын су 3 қабатты мектептің бірінші қабатын басты. Мұнда 4 оқу сыныбы, кітапхана мен медициналық пункт орналасқан. Білім ордасын қалыпқа келтіру жұмысы «Мирас Group» серіктестігіне жүктелген. Күрделі жөндеу жұмысына бөлінген қаражат 300 млн теңге.


Мектепте сабақ басталған. Қазір 200-ден астам бала бір кезекте білім алып жатыр. Жоғары сынып оқушылары оқитын 2-ші мен 3-ші қабатта да жөндеу жұмысы жүргізіліп, еден жаңартылған. Айта кету керек, келесі жылы білім ордасында жиһаздар ауыстырылмақ. Оған республикалық бюджеттен 61 млн теңге шамасында қаражат бөлінген.


Былтыр бұл мектепте 425 бала білім алған. Биыл аудандағы тұрғындар басқа жерден баспана алғандықтан, оқушы саны азайған. Директордың міндетін атқарушы Гүлімжан Абжанованың сөзінше жүргізілген жөндеу жұмысының сапасы көңілден шығады.


ГҮЛІМЖАН АБЖАНОВА, №14 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Ата-аналар да риза. Біз оларға жұмыстың созылуына не себеп болғанын түсіндірдік. Олар білім ордасының ішіне кіріп, қарап та шықты. Бұрынғыдай емес жаңарған деп жылы лебіздерін білдіріп жатыр.


Жалпы, №14 орта мектепте жөндеу жұмыстары 1 аптаның ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.