Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев «Бірлік» шағын ауданында 4 отбасыға баспана кілтін табыс етті. Олар – Заречный кентінің бұрынғы тұрғындары. Жалпы, бүгінде жаңа аудандағы үйлердің құрылысы аяқталуға жақындап қалды. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл жұмыс қыркүйек айының соңында бітеді.


Жаңа үйдің кілтін алғандардың бірі - Ефимовтар отбасы. Тасқын кезінде олардың баспанасы толық су астында қалып, қайта жөндеуге жарамсыз деп танылды. Отбасы мүшелері осыған дейін туысқандарының үйін паналаған. Енді өз баспаналарына кіргендеріне қуанышты.


Вера Андреева да енді «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа баспанада немерелерімен бірге тұрады. Жаңа қоныс толықтай оның көңілінен шықты.


ВЕРА АНДРЕЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Үйдің іші сондай кең екен. Әрі жап – жарық. Ең бастысы жайлы. Өзіме қатты ұнады. Жиһаздары да барлығы бар. Ескі үйімнен де біраз заттарды шығарып алған болатынмын. Себебі, бізді ерте эвакуциялады. Сондықтан үлгердік.


Андрей Бондаренконың да қуанышында шек жоқ. Ескі үйінің жалпы ауданы небары 31,5 шаршы метр болса, жаңа үйі кең, 80 шаршы метр. Енді бұл отбасы туған-туыстың басын қосып, қоНыс тойын жасамақ.


АНДРЕЙ БОНДАРЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- 2017 жылы біздің үйге су кірген жоқ. Ал, биыл баспанамыз толық су астында қалды. Енді не істейміз деп қатты уайымдадық. Бірақ, шүкір міне бүгін жаңа баспанаға кіріп жатырмыз. Ризамын. Бәрі керемет екен. Бұрынғы үйім кішкентай еді. Ал, жаңасы кең.


Бүгінгі таңда «Бірлік» шағын ауданында салынып жатқан 700 баспананың 450-ден астамы пайдалануға берілді.