5 қыркүйек - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқы тілдерінің күні. Осыған орай Достық үйінде мерекелік іс-шара өтті. Оған Петропавл мектептерінің оқушылары, ұстаздары мен ардагерлер кеңесінің, қха-ның мүшелері қатысты.


ҚХА-ның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау және басқа этностардың тілін, салт-дәстүрін ұмытпауына жағдай жасау. Достық үйінде қазақ, неміс, поляк, армян тілдері оқытылады. Одан бөлек № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 10 ұлттық бөлім бар.


СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССЕМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазіргі іс-шарада біз осы қалалық мектептердің ұстаздарына алғысымызды білдіре отырып, осы оқушыларды тәрбиелеу жолында үлкен үлес қосып жатқанына алғыс білдіреміз. Себебі олардың арқасында әрқайсысы өз ұлтының мәдениеті, тарихы,тілімен таныса алады. Өздеріңіз білетіндей 17 мектеп ҚР-да қазіргі таңда жалғыз мектеп. Сол мектепте 10 ұлттық бөлім қызмет атқарып жатыр. Сол мектептің арқасында әр ұлт өздерінің туған тілімен ьтаныса алады.


Фаузия Файзулина 17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің мұғалімі. Ол татар тілінен сабақ береді. 5 жыл бойы Қазақ радиосында «Туған тіл» бағдарламасын жүргізген.


ФАУЗИЯ ФАЙЗУЛИНА , № 17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

- Жаңа оқу жылында әзірше 15 бала татар тілін үйренемін деп жазылды. Тағы екінші топ бар. Олар сенбі күндері мешітте оқиды. Кейін жексенбі күні осы № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде сабақ оқытамын. Жалпы мен ата-аналарға балалармен көп жұмыс істеп, өз тілін және мемлекеттік тілді көбірек үйретсе деймін.


Мерекеге орай Достық үйінде концерттік бағдарлама да өтті.


Дариға Қуаныш