Туберкулез – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Петропавлда «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» атты адвокациялық кездесу өтті. Іс-шара елдегі фтизиатрия және пульмонологиялық қызметті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру бойынша ұйымдастырылып отыр.


Жыл басталғалы бері облыста туберкулезді жұқтырудың 112 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың 7-еуі – 17 жасқа дейінгі бала. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда дертті жұқтырғандар саны азайған. Биыл 94 науқас флюрографиядан өту кезінде анықталып отыр. Жалпы 7 айдың ішінде 85 мыңнан астам тұрғын тексерістен өткізілді. Бұл жылдық жоспардың 70 пайызы.


ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- Өзге аймақтармен салыстырғанда біздің өңірдегі эпид ахуал тұрақты. Сырқаттанушылық бойынша республикалық көрсеткіштерге сәйкес келеміз. Сондай-ақ, туберкулезден болатын өлім-жітімнің жақсы төмендеуі байқалады.


Өңірде қазіргі уақытта 246 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 56-сы стационарлық ем алып жатыр.


ГҮЛНАЗ МҰСАБЕКОВА, ҚР ҰФҒО ЖАНЫНДАҒЫ ҒҚ ЖІА ТБ ЖӨНІНДЕГІ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

- Біз барлық өңірде адвокациялық кездесу өткізіп келеміз. Оның негізгі мақсаты елімізде ешкімнің туберкулезден қайтыс болуына жол бермеу. Біз бүгінгідей жиынның арқасында облыстағы әлеуметтік мәселе шешімін табады деп сенеміз. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерінен туберкулезбен күреске бөлінген әр теңге 49-52 есе нәтиже беретіні зерттелген.


Іс-шара барысында туберкулезге қарсы халықтың осал тобындағы науқастарға емделу кезінде атаулы қолдау көрсету, жергілікті бюджеттен тұрақты қаржыландыру және халықты дерт туралы кеңінен ақпарттандыру мәселелері талқыланды.