Өңірде автобустардың экологияға зияндылығы тексеріліп жатыр. 23-28 шілде аралығында облыста «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Қоғамдық көлік жүргізушілері арасында жол апаттарының алдын алу жұмыстарынан бөлек, полицейлер такси, мотоцикл, мопед және екі дөңгелекті көліктің басқа да түрлерінің жүргізушілерін тексереді.


- Другой страховки нету?

- Нету…


Жолаушылар көлігінің қатысуымен өңір жолдарында 6 айда 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 5 адам жарақат алды. «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – жол апаттарының алдын алу, сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету.


Аягөз Есмағамбетова, СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- Өткізіліп жатқан іс-шараның бірінші күнінің қорытындысы бойынша қоғамдық көлік жүргізушілерінің тарапынан жол жүрісі қағидаларының 65 бұзушылығы анықталды; көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін – 13; маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін — 8, техникалық тексеруден өтпеген көлікті басқарғаны үшін — 7 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды; жолаушылар мен багажды заңсыз тасымалдаумен айналысудың бір фактісі анықталды.


Облыс орталығында патрульдік полициямен бірге рейдтік іс-шараларға экология департаментінің қызметкерлері де қатысуда; газ анализаторының көмегімен олар автобустардан шығатын ластаушы заттардың деңгейін өлшейді. Қажетті нормадан асқан жағдайда — құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материал жиналады. Алты ай ішінде облыста 176 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 16 адам қаза тауып, 244 адам жарақаттар алды.