Өңірде арнайы жарақтандырылмаған орындарда суға шомылғандар анықталып айыппұл салынып жатыр. Мақсатымыз жазалау емес, арты қайғыға апарар оқиғаның алдын алу, дейді құтқарушылар. Қазіргі уақытта облыста халықтың суға шомылып, демалуына арналған 60 орын бар. Ол 13 көл мен Есіл өзенінің бойында орналасқан.


Шомылуға арнайы орындар құрылғанымен, демалушылар рұқсат етілмеген орындарға барып, өз бастарын қауіпке тігеді. Қайғылы оқиғаға жол бермеу үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 20 мың адамды қамтитын түрлі форматтағы түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырған. 18 адамға 25 мың теңге айыппұл салынған.


РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД АҒА ОФИЦЕРІ:

- Ресми екі адам суға кетті деп тіркелді. Қалғандарының суға батқанын көрген куәгерлер жоқ. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Шомылуға жарақтандырылған арнайы орындарда адамдардың қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалған. Ол жерлер алдын ала тексеріліп, су айдындарының түбі тазартылған. Сондай-ақ кезекшілік атқаратын құтқарушылар бар, дер кезінде медициналық көмек те көрсетіледі. Әрі суға мас күйде шомылмауға кеңес береміз.