Петропавлда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өтіп, жеңімпаз әулет анықталды. Жалпы отбасылық сайыстың облыстық кезеңіне 28 үйелмен қатысқан. Бұл ұлттық байқау елімізде дәстүрлі түрде өткізіледі. Республикалық кезеңде СҚО намысын Ақжар ауданынан келген Хасеновтар отбасы қорғайтын болды.


Өңірде татулығымен және берекесімен көпшілікке үлгі болған шаңырақтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын “Мерейлі отбасы” байқауы өтеді. Бүгін облыс орталығында осы сайыстың қорытындысы жарияланды.Бұл байқау жалпы 3 кезеңнен тұрады. Облыс бойынша тбасылық сайысқа қатысуға 60-тан астам үйелмен өтінім білдірген.


АЛМА БАННЫХ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- Бүгінгі қатысушыларымыздың жартысы көпбалалы отбасылар. Кейбірінің балалары тіпті спорт шеберлері, чемпиондар. Береке-бірлігі жарасқан отбасыларды таңдап облыстық кезеңге өткізген болатынбыз.


Облыстық кезеңге аудандық және қалалық кезеңнен сүрінбей 28 отбасы өткен. Олардың арасынан үздіктер іріктеліп алынды. Қатысушы отбасылар 6 номинация бойынша марапатталды.Қазылар алқасының шешімімен Республикалық кезеңде өңір намысын Ақжар ауданынан келген Хасеновтар отбасы қорғайтын болды. Ерлі-зайыптының 4 қызы бар. Өнерге жақын, әлеуметтік желілер арқылы саламатты өмір салты мен отбасы құндылығын насихаттап жүрген белсенді отбасы.


НҰРҚАСЫМ ХАСЕНОВ, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢМПАЗЫ:

- 2013 жылы осы Мерейлі отбасы байқауына менің әкешешем қатысқан болатын. Ол кезде біз кішкентай жас балалар болатынбыз. Сол кісілердің ізін жалғап, міне бүгінгі байқауда бас жүлде жеңіп алдық. Алла Жазса СҚО атын Республикалық кезеңде жақсы жағынан шығарамыз деп сенеміз.


Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Республикалық кезең бас қаламыз Астанада өтеді.