Облыс орталығында «Сіз мен үшін үлгісіз» атты әкелер күніне орай мерекелік жиын өтті. Іс-шараны «Сенімен болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің филиалы мен облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған. Әкелердің қоғамдағы маңызы мен рөлін көрсететін жиынға 20-ға жуық адам қатысты.


Әкелер күні былтырдан тойланып келеді. 2022 жылдың 14 желтоқсанында өткен Республикалық форумда «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестінің ұсынысымен бекітілген болатын. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шара облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Қатысушылардың бірі – 72 жастағы Бейбіт Қапаров.


БЕЙБІТ ҚАПАРОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Әкенің еңбегі зор ғой, әке ұлдарға, қыздарға өнеге. Әкелер аман болсын. Қазақ ұлты әкемізді, анамызды құрметтеп өскен елміз ғой. Тәрбиемізде сондай. Жан әкелер, құрдастарым, жолдастарым барлығы әке-аталар болды. Балаларының қызығын көрсін, балаларына жақсы тәрбие берсін. Қазақи тәрбие берсін. Қазақ тілін ұмытпасын. Барлық нәрсе қазақ тілінен басталады.


Іс-шара отбасындағы ауызбіршілік пен сыйластықты насихаттап, әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ, әкелердің мойнына жүктелген жауапкершілікке көптің назарын аудару. Мерекелік жиынның тағы бір ерекшелігі ұйымдастырушылар әкелерді әлеуметтік желі арқылы шақырған.


ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Негізгі мақсатымыз бүгінгі күні әкелерге психологиялық көмек ретінде балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек, отбасындағы достықты қалай сақтау керек, баламен қалай тіл табысу керек, отбасын қалай берік ұстау керек? Осы сұрақтар бойынша психологиылық кеңестер беріледі. Одан кейін мына, ынтымақты, бірлікті сақтау мақсатында ойындар, әдістемелік тренингтар өткіземіз.


«Сенімен болашақ» ата-аналар бірлестігі осыған дейін мектеп және балабақшаларда 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырған екен.


ЕРЛАН ЖҰМАХАН