Петропавлда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен “Үздік орта білім беру ұйымы” байқауы өтті. Дәстүрлі іс-шараға биыл өңірден 11 білім беру ұйымы қатысты.


Конкурстың аудандық кезеңіне жалпы 50-ге жуық ұйым қатысқан болса, солардың үздіктері облыстық кезеңде бақ сынауда. Айдар Сұрағанов - Есіл ауданынан келген. Бұл байқауға үміткер алғашқы рет қатысып отыр.


АЙДАР СҰРАҒАНОВ, А.ШӘЖІМБАЕВ АТЫНДАҒЫ №3 ЯВЛЕНКА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгін конкурсқа Есіл ауданынан келіп отырмын. Әрине, бұл бізге үлкен мансап, үлкен нәтиже. Сондықтан,барша қатысушыларға жеңіс тілеймін. Мектептің оқушыларының жетістігі,мектептің материалдық базасы қандай деген сияқты сұрақтарға бүгін жауап береміз.


2014 жылдан бері ұйымдастырылып жүрген байқаудың мақсаты – педагогтар мен білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби біліктілігін дамыту. Тартысқа толы сайыстың басты жүлдесі –70 миллион теңгеге жуық грант. Бұл сертификат білім беру ұйымының деңгейін көтеруге жұмсалмақ, - дейді ұйымдастырушылар.


РОЗА СӘРКЕН, ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінгі байқаудың мақсаты - ұстаздарымыз бен білім беру ұйымдары басшыларының арасында тиімді педагогикалық және басқарушылық тәжірибесін анықтау, педагогтар мен орта білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби деңгейде өсуіне көмек беріп, орта білім беру жүйесінің даму көрсеткіштерін анықтау.


Байқауға қатысушылар әділ бағасын берді. Ал жеңіске жетіп, грант иеленгендер тізімі мұғалімдер күнінде жарияланбақ.


Ерлан Жұмахан