Өңірге тасқынмен күреске келген қостанайлық, астаналық және түркістандық әскери қызметшілер мен құтқарушылар үйлеріне аттанды. Олар көмекке алғашқылардың бірі болып жетіп, су басу қаупі бар аудандарда жұмыс істеді. Бүгінгі күннің батырларын өңір жұрты салтанатпен шығарып салды.


Бұл жандардың барлығын батырларға балауға болады. Қостанайлық, астаналық және түркістандық 110 әскери мен құтқарушы өңіріміздегі тасқын кезінде күн-түн демей тер төкті. Соңғы аталған облыстың мамандары аймағымызда тура 1 ай еңбек етті. Өлкемізге алғашқылардың қатарында жеткен жігіттер 5 ауданға бөлініпті.


ТАЛҒАТ ДОСӘЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

- СҚО-ға 56 адам, 9 техника келді. Іске 1-ші сәуір күні кірістік. Олар: Тайынша, Тимирязев, Қызылжар, Есіл және Айыртау.


Теріскейдегі тасқынға бейжай қарамаған түркістандық жігіттер болсын, өзгелер болсын, құрмет-қошеметке лайықты. Қаз-қатар сап түзеген әскерилер мен құтқарушылардың алдында аймақ басшысы сөз сөйледі. Ғауез Нұрмұхамбетов әр азаматқа алғысын білдірді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қиын кезеңде бүкіл Қазақстан біздің облысқа көмек көрсетуде. Еліміздің 8 өңірінен 1700 адам келіп, тасқынмен күресті. Сіздерге ақ жол тілеймін! Адал еңбек еткен әрбір жанға алғыс білдіремін!


Табиғи апат адам күшіне бағынбағаны рас. Дегенмен, бұл жандар адам шығынына жол бермеді, қарғын судың аумағын арттырмады. Облыс әкімі әр ұжымды Алғыс хатпен марапаттады.


Салтанатты шарада ардагерлер атынан Жангелді Тәжин сөз сөйледі. Ағамыз батаға бергісіз ізгі тілегін білдірді, алғысын айтты.


ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Халқымыз "от пен судан сақтасын" деген. Қиын-қыстау кезде бізді қорғадыңыздар. Аянбай еңбек еттіңіздер. Үйлеріңізге аман-есен жетуге тілек білдіремін.


Өңірімізде тасқын қаупі сейілген жоқ. Сондықтан, аймақта өзге облыстардың 30 өкілі мен 10-нан астам техникасы қалады. Жағдай тұрақталған соң олар да үйлеріне қайтпақ.