Өткен демалыс күндері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Мағжан Жұмабаев ауданында жалғасын тапты. Мұнда тұрғындар аудан орталығы мен ауылдардың тазалығын ретке келтірді. Жалпы сенбілік барысында 1000-нан астам ағаш көшеті отырғызылды, 15 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тілші тарқатсын.


«Таза Қазақстан» экоакциясы Булаев қаласында өтті, іс-шара аясында жергілікті тұрғындар аудан орталығының тазалығын ретке келтірді.


- Медбикемін. Осы сенбіліктерге жиі қатысамын. Бізде сенбіліктер жиі өткізіледі, жібермей қатысамын. Басқаларды да шақырамыз.

- Қазір біз Луговая көшесін тазартып жатырмыз. Айналадағы қоқысты жинап, бағаналарды әктейміз. Міне екі қап қоқыс жинап үлгердім.


Жалпы аудан бойынша сенбілікке 2 мыңға жуық тұрғын шықты. Экологиялық акция барысында 500 ден астам ағаш пен бағана әктелді, қоршаулар мен ескерткіштерді сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық акциясынан аудан басшылығы да шет қалмады.


АЗАМАТ ҚЫРАУБАЕВ, БУЛАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Таза Қазақстан республикалық акциясы аясында Булаев қаласында сенбілік өтіп жатыр. Қаламызда 4 локация бар. Сенбілік барысында барлығын қоқыстан тазартып, әктеп, сырлап, көшеттер отырғызамыз. Қала бойынша тазалық акциясына 500-ге жуық тұрғын шықты.»


Сенбілік барысында Мағжан Жұмабаев ауданынан 15 тоннадан астам қоқыс шығарылды және жергілікті полиция қызметкерлері мен волонтерлер іргелес аумақты күтіп-баптау туралы 3000 нан астам жадынамалар таратты.