Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев су басқан шағын аудандарда орналасқан 2-3 қабатты үйлердің екінші-үшінші қабатында тұратын тұрғындармен кездесті. Жиында 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алу және су басқан тұрғын үйлерді қалпына келтіру мәселелері талқыланды.


Былғары зауыты кентінде орналасқан жеке тұрғын үйлер мен ғимараттар, сонымен қатар көпқабатты үйлер, мектептер де су тасқынынан зардап шекті. Алайда, көпқабатты тұрғын үйлердің екінші, үшінші қабатында тұратын тұрғындарға әлеуметтік төлем беріледі ма? Олардың жағдайлары қалай болмақ? Қала әкімінің қатысуымен өткен жиында осы және басқа да сұрақтарға жауап берілді.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

- Барлық үйлерге техникалық қадағалау жүргізіп, үйлері қатты зақымданбағандар өз баспаналарына кіре береді. Ал егер тұрғын үйдің 80 пайызы зақымданған болса оны қайта жөндеудің мәні қанша. Ол кезде де тұрғындармен келісімге келеміз. Не қайта қалпына келтіреміз немесе басқа үй береміз. Бірақ қандай жағдай болсада мектептер жабылмайды.


Шаһар басшысымен кездесуге келген тұрғындар зақымданған тұрғын үйлерді жөндеуге зейнетақы қорындағы жинақтарды пайдалануды ұсынды.


 Жиын соңында Серік Мұхамедиев су кеткен бойда аудандардың тазалық жұмысына 600-ге жуық адам жұмылдырылатынын айтты. Сонымен қатар, су сору қондырғылары да пайдаланылатын болады. Ал көпқабатты үйлердің 2 және 3-ші қабаттарының тұрғындарына әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселесі қазір заңнамалық деңгейде қаралып жатыр екен.