Өңірге тасқыннан зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек әлі де келіп жатыр. Бүгін Петропавлға Шымкент қаласынан 18 тонна жүк жеткізілді. Оның ішінде ауыз судан бастап көрпе төсекке дейін барлық тұрмысқа қажетті заттар бар.


Шымкент тұрғындары бұл гуманитарлық көмекті 1 аптада жинап Петропавл қаласына жіберген. 18 тонна жүктің 8 тоннасын Қазақтелеком ұжымы жинап берген. Бұл гуманитарлық көмек Петропавлда Дамир Макемкенов ашқан пункқа жеткізілген. Бүгін тұрғындар тізім бойынша жеке куәліктерімен келіп қажетті заттарын алып кетіп жатыр.


ОЛЖАС БАСЫҒАРИН, ЕРІКТІ:

- 20сыннан бастап Жастар ресурстық орталығына гуманитарлық көмек жинала бастады. Сол жиналып кеше Петропавл қаласына келді. Ол көмекті жинауға көмектескен Қазақтелеком ұжымы Шымкент қаласының, Түркістан облысының әрбір қызметшісі өз үлесін қосты. Және Бальзам короткова деген компанияның ұжымы азық түлік жинап берді. Және сол қаланың студенттері ат салысты. Тұрғындар да гуманитарлық көмекті жинауға көмектесті. 


Гүлзабира Қоныспаева су тасқынынан зардап шеккендердің бірі. Ол Прибрежный ауылының тұрғыны. Бірақ қазір үйін су басқандықтан қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Бүгін осы гуманитарлық көмек жайында естіп азық-түлік алуға келген. Көмек қолын созғандарға өз алғысын білдірді.


ГҮЛЗАБИРА ҚОНЫСПАЕВА, ПРИБРЕЖНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Бұл көмекті Балуанның жігіті бізге айтып, хабарлады. Өзім Қызылжар ауданы Прибрежный ауылында тұрамын. Үйім суға кетті. Мына Шымкенттің жігіттеріне алғысым шексіз Еңбектері жемісті болсын. Балаларының қызығын көрсін. Үлкен рахмет. 


Сондай-ақ қазір Қарасай стадионында гуманитарлық көмек тарату орны орналасқан. Ол жерде Ойқала, Жас өркен ықшам аудардарының тұрғындарына азық-түлік, тұрмысқа керекті заттар таратылады. Тасқыннан зардап шеккен Ойқала ықшам ауданының тұрғындары келген жүктерді түсіріп таратуға көмектеседі. Бұл жерде бір күнде 15-20 адам жұмыс істейді.


НАТАЛЬЯ ХАН, ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ПУНКТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Дәл қазір біз 27 пакетті дайындап қойдық Енді олардың барлығын осы Ойқала ықшам ауданында үйлерін су басқан тұрғындарға тарататын боламыз. 2000ға жуық адамға азық түлік пен керекті заттарын апардық.


Ирина Дзевульская зейнеткер. Ол күйеуімен бірге гуманитарлық көмекті қабылдап жинауға көмектеседі. Айтуынша осы жұмыстың арқасында суға кеткен үйін ойламай, көңілі бөлінеді екен.


ИРИНА ДЗЕВУЛЬСКАЯ, ОЙҚАЛА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Бұл жағдайда біз ештеңе істей алмаймыз. Сондықтан қазір қолымыздан келері – осы жерде өзіміз сияқты зардап шеккендерге көмектесу. Бәріміздің жағдайымыз бір болғаннан кейін біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Халыққа не керек екенін білеміз. Суға кеткен үйімді көп ойламаймын. Күйеуім екеуіміз жас емеспіз. Осы уақытқа дейін жиған терген барымыздан бір сәтте айырылдық. Әрине қиын.


Қарасай стадионында орналасқан гуманитарлық пунктте 2000-ға жуық адамға көмек көрсетілген.


Дариға Қуаныш