Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су басқан Былғары кенті, Ойқала және Тепличное ауылында болып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Халыққа баспана алу және жөндеу жүргізу ережелері бойынша түсініктемелер берілді.Қазір бұл аудандарда тазалау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ Былғары кенті мен Ойқалаға қалпына келтіру және жөндеу жүргізу үшін механикалық бригадалары мен техникасы бар бекітілген аудандар келе бастады.
Өңір басшысы «Солнечный-2» ықшам ауданындағы зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын көрді. Жергілікті 10 құрылыс компаниясы «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 тұрғын үй салып жатыр. Сондай-ақ «Kaspi» 300 үй, «Kazakhmys» корпорациясы 100 үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Жаңа шағын ауданда тасқыннан зардап шеккендерге барлығы 500 үй салынады. Жұмыс көлемі ауқымды, адамдар баспанаға ие болуы үшін құрылысты суық түскенше дейін аяқтау қажет, деді Ғауез Нұрмұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.