Полицейлер су тасқынына байланысты құрылған чаттардың бірінде қауіпті фишингтік сілтемені анықтады. Бұл чатта 1000-нан астам тұрғын отыр. Шетелдік нөмір арқылы тіркелген біреу осы жерде «су тасқынынан зардап шеккендер 5 миллион теңге мөлшерінде өтемақы ала алады» деген хабарландыру таратқан. Ол үшін сілтеме бойынша өту ұсынылған. Жедел уәкілдер оны заманауи техникалық құралдардың көмегімен тексерді. Анықталғандай, сілтеме арқылы өткен кезде телефондағы WhatsApp аккаунтын бұзатын вирус жұғады екен. Кейін вирус кірген телефондағы барлық байланыс нөмірлеріне қарызға ақша алу туралы өтініш және алаяқтарға тиесілі есепшот нөмірі көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Виталий Подчернин, СҚО ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Фишингтік сілтеме уақтылы жойылып, чаттың әкімшісі күдікті пайдаланушыны топтан өшіріп тастады. Алаяқтар адамдарды құрықтарына түсіру үшін кез келген жағдайды пайдалануға дайын. Күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер, тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіздер. Егер интернет-алаяқтың құрбаны болсаңыз, дереу «102» арнасына немесе жақын маңыдағы полиция бөлімшесіне жүгініңіздер.