Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнайы жадынамалар таратып жүр. Ақпараттық парақшада бір жолғы төлемді алу жолдары мен қалай өтінім беру керектігі жазылған. Волонтерлер гуманитарлық көмек тарату орындары мен уақытша жатақханаларды паналап отырған тұрғындарды да қамтыған.


Волонтерлар бүгін Петропавлдағы Чкалов көшесінде орналасқан гуманитарлық көмек тарату орнына келді.Бұл қоймадағы заттар Прибрежный елді мекені мен Былғары зауыт тұрғындарына таратылады. Өңірдегі қиын жағдайға бей-жәй Қарамайтын ел тұрғындарынан бұл қоймаға 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілген.


АЛЛА ПИСАРЕНКО, ҚХА ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біздің қоймадан гуманитарлық көмек алу үшін күніне жүздеген адам келеді. Жастар ресурстық орталығының еріктілері ақпарат тарату жағынан бізге өте жақсы көмек көрсетіп жатыр. Себебі, қазір тасқын судан зардап шеккендер қайда,қалай ,кімге жүгіну керек екенін де білмейді. Қазір біз Прибрежный ауылы мен Былғары зауыты ауданының тұрғындарының 90 пайызға жуығына қажетті гуманитарлық көмек тараттық.


Гуманитарлық көмек алуға келгендердің бірі – Леонид Баянов. Оның үйі толығымен су астында қалған.


ЛЕОНИД БАЯНОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Су үйімнің төбесіне дейін жеткен. Әзірге таныстарымның үйінде тұрып жатырмын. 2017 жылы да су астында қалып едік. Бірақ мұншалықты көп болған жоқ.


Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері өңірдегі жағдай қалыпқа келгенге дейін жадынамалар таратуды жалғастырмақ. Себебі, волонтерлердың айтуынша, зардап шегушілердің көбі әлі біржолғы төлемді қалай алу керек екенін білмейді.