Инновациялық идеяның игілігі мол. Соған негізделген жобаларды іске асыруға зор қызығушылық танытатын өрендердің де қатары артып келеді. Петропавлдық жас өнертапқыш Әлихан Жаров ауадан су өндіретін құрылғы ойлап тапты. Ол жасап шығарған қондырғы таза судың тапшылығын жоюға мүмкіндік бермек.


Су ресурстарының сарқылуы, таза судың тапшылығы – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы бағыттағы ізденіс соңы Әлиханның ауыз су қажеттілігін жоюға арналған технологияны ойлап табуына себепші болған. Өнертапқыш ойлап тапқан құрылғыны ауыл шаруашылығы саласында құрғақшылық жерлерде дақылдарды суаруға пайдалануға болады. Таза судың жетіспеушілігін азайтуға да сеп болмақ.


ӘЛИХАН ЖАРОВ, 9 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Мұндай идея маған сынып сағаты кезінде келді. Ол кезде бәріміз тұщы су мәселесін талқылаған болатынбыз. Себебі, кейбір өңірлерде су тапшы. Сосын мен терезенің буланғанын байқап, осы идеяны іске жаратамын деп шештім.


15 жастағы Әлихан Жаров дарынды балаларға арналған «ЛОРД мектеп-лицей-интернатында оқиды. Ол ұстазымен бірге құрылғыны жасап шығару үшін энергияны тиімді пайдалануға, температураны бақылауға мүмкіндік беретін Пельтье элементін қолданған. Осылайша, 1 жыл бұрын жоба дүниеге келді.


Әлихан Жаров құрастырған қондырғы күніне 150 литрге дейін ауыз су алуға қабілетті. Сонымен қатар құрылғы энергияны аз мөлшерде тұтынады.


ЕВГЕНИЙ ЯЦЕНКО, ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

- Әу бастан-ақ оқушым екеуміз көп іздендік. Әлемде қандай өзекті мәселелер барын зерттедік. Түптеп келгенде, біздегі өзекті мәселелердің бірі таза судың жетіспеушілігі екен. Сондықтан осы проблеманы шешетін технология ойлап таптық.


Айта кетейік, жас өнертапқыш өз жұмысын жобалар байқауының республикалық кезеңінде қорғап, екінші орынды жеңіп алған.