25 сәуір күні Айыртау ауданындағы Антоновка ауылында сегіз баласы мен анасы иіс тиіп уланып қалған. Оларды таңертең жұмыстан келген отағасы көріп, бірден ауруханаға жеткізген. Анасының жағдайы жақсарып, бүгін үйіне жіберілді.


Оқиға кеше, яғни 25 сәуірде болған. Сағат 10-нан 10 мин кеткенде 112 телефонына Айыртау ауданы Антоновка ауылында бір отбасының 1990 жылы туған анасы мен оның 8 кәмелет жасқа толмаған балалары иіс тиіп уланып ауруханаға түскені туралы хабарланған. Бұл отбасы екі жыл бұрын арнайы бағдарлама арқылы Маңғыстау облысынан көшіп келген екен.


АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Төтенше жағдай болған үйге олар 23 сәуір күні көшіп келген. Себебі, өздерінің үйлерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екен. Ол жерде пеш болғандықтан 25 сәуірге қараған түні түнгі 2-де күйеуі от жағып, жұмысына кеткен. Ол жергілікті серіктестіктің бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал балалар мен олардың анасы үйде қалған. Әйел пешті дұрыс пайдалана алмай, иіс тиіп уланып қалған.


Бұл отбасы көпбалалы ретінде ТЖД қызметінің бақылауында тұрған. Қазіргі уақытта анасы мен балаларының жағдайы жақсы.


РАИСА ҚҰСАЙЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А.:

- Айыртау аудандық ауруханаға анасы мен балалары 9-дан 15 кеткенде жеткізілді. Медицина қызметкерлері науқастардың жағдайын тез арада бақылап, анасы мен үш баласын терапевтік бөлімге жатқызды. Ал қалған бес баланың жағдайы ауыр болғандықтан жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Қазіргі уақытта барлығына ем-дом көрсетілді. Бүгін ағдайлары жақсы. 8 баланың барлығы балалар бөлімшесіне ауыстырылды. Ал анасы өзін жақсы сезінуіне байланысты үйіне жіберілді.


Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында 149 өрт фактісі тіркелген. Нәтижесінде, 12 адам көз жұмған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға көп екен.