Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімін иеленген кабинет жұмысын бастады. Бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарынан бөлек бірқатар танымдық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің ашылуына өңіріміздегі ең алғашқы Абай кабинетінің меңгерушісі, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев және бірқатар құрметті мейман мен филолог мамандар жиналды.


Данияр Уәлиев. Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры

- Кабинетте ішкі жөндеу және әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қабырғалар ұлттық нақышта безендірілді. Мектеп жиһазы толығымен жаңартылды. Барлық жұмыстар демеушіміз “Регион 715” ЖШС есебінен жүргізілді. Кәсіпорын басшылығына осындай ұсыныспен келіп, халқымыздың данышпан ақыны, ұлы ғұламаға көрсеткен құрметі үшін алғысымызды білдіреміз


Абай атындағы кабинетте ұйымдастырылған алғашқы іс-шара - “Абай шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен Абай шығармаларының жас ұрпаққа дәріптелуі” тақырыбындағы дөңгелек үстел болды. Алдағы уақытта да бұл кабинетте күнделікті сабақтар ғана өткізіліп қоймай, қазақтың біртуар ұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеймін деушілерге барлық жағдайлар жасалмақ.


Динара Мұқанова, кабинеттің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Осы жерде оқушыларға Абайдың шығармаларымен танысуға мүмкіндік беретін электрондық жинақ орналастырылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Абай атындағы кабинетте болашақ ақындарды баулуға бағытталған сабақтар, ақындар мүшайлары өткізілетін болады. Осы дөңгелек үстел барысында келесі оқу жылында кабинетте ұйымдастырылатын шаралар туралы да ақылдасатын боламыз.


Дөңгелек үстелдің соңында Абай атындағы кабинеттің салтанатты ашылуына келген барлық меймандарға Абай өлеңдерінің жинағы сыйға тартылды.