Петропавл қаласына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр өңірлік бөлімшелерге 11 арнайы көліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады. Жұмыс сапары аясында еліміздегі алғашқы модульдік құтқару станциясының салтанатты ашылуы өтті.
Сенбі күні орталық алаңда солтүстікқазақстандық ққұтқарушыларға салтанатты түрде жаңа техникалар табыс етілді. Көліктердің кілттерін Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов табыстады. Жаңа көліктер апаттық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың ішінде жол талғамайтын көліктер да бар.
Кейін министр көктемгі су тасқыны кезінде ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттады. Құрметке төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен қатар, әскери бөлім мамандары мен өзге ұйымдардың қызметкерлері ие болды. Сонымен қатар, маусым айында Әзірбайжанда өткен халықаралық жарыста екінші орын алған Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің жас құтқарушылары да марапатталды.
Кейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Петропавл қаласында еліміздегі алғашқы модульдік құтқару станциясын ашты. Есіл өзенінің жағасында салынған нысан жағалау аймағын және маңызды обьектілерді – автомобиль көпірі мен Петропавл су торабының бөгетін бақылауды қамтамасыз етеді.
Қоса кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде өңір құтқарушылары 1200-ден астам рет шақыртуға шықты. 135 адам құтқарылып, 240-тан астам тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Жаңадан ашылған модульдік құтқару станциясы облыстық ТЖ департаментінің жедел әрекет ету мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады.