Кеше, яғни 7-ші сәуір күні тасқын су салдарынан 7 елді мекен жарықсыз қалды. Әзірге, ауылдардың біреуіне ғана электр энергиясы берілген.«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ мамандарының сөзінше, қазіргі уақытта 250-ден астам өңір тұрғыны әлі жарықсыз отыр.


Шал ақын ауданының үш ауылы жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта Жаңажол ауылына электр қуаты берілді. Елді мекенге жылжымалы дизельдік генератор орнатылған. Мамандардың сөзінше, Жаңаталап және Кеңес ауылдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада бұл ауыл тұрғындарына да жарық беріледі. Қазіргі уақытта жолдарды су басқан. Сол себепті де, электр желілерін қайта қалпына келтіру жұмыстары қиынға соғып жатқан көрінеді.


АЛЕКСАНДР ЕЛИСЕЕВ, «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы»» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:

- Есіл ауданында тасқын су салдарынан Покровка, Алматы ауылдық округтері жарықсыз қалды. Қазір ол жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешкі 16:00-17:00-де тұрғындарға жарық беріледі. Ал Николаевка ауылындағы Береговая көшесін су басқандықтан ол жердегі трансформаторлық қосалқы станция сөндірілді. Адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жоспарланған. Жарқайың ауылын да су басу қауіпі жоғары болғандықтан елді мекен халқы көшірілді. Сол себепті де, трансформаторлық станция уақытша сөндірілген.