Облыстық мәслихаттың кезекті 12-ші сессиясы өтті. Күн тәртібінде жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының орындалу барысы, облыстық бюджетті бекіту сынды бірқатар мәселелер қаралды. Жиында мәслихат төрағасы Владимир Бубенко былтырғы жылды қорытындылады. 8-ші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың құрамына 4 саяси партияның белсенді өкілдері мен тұрақты комиссиялары кіреді.


Сайлау науқаны барысында депутаттарға сайлаушылардан 550 өтінім түсіп, оның 470-тен астамы қазір орындалып жатыр. Жиын барысында облыстық бюджеттің үнемделуі есебінен білім басқармасына қосымша 1,5 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Бұл қаржыға қатты отынға көшу жұмыстары жүргізіліп, «Оқжетпес» лагері жөнделеді. Және Уәлиханов ауданындағы «Қайрат» мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, орта білім беру ұйымдарының ақпараттық-коммуникациялық жүйелерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылмақ.


 НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Облыстық бюджеттің барлық саладағы үнемделуі есебінен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына да – 52,2 млн.теңге қосымша қаражат бөлінетін болады. Оның ішінде психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерге, психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерде, медициналық көмек көрсету орталықтарында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге. арнаулы әлеуметтік қызметтерге, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына – 32 млн теңге беріледі. Протездеу бойынша медициналық қызметтер көрсетуге, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге және оларды пайдалануды үйретуге – 16,7 млн.теңге; мүгедектерді әлеуметтік қолдауға яғни арнайы арбаларды алуға – 3,5 млн теңге бөлінетін болады.