Петропавлда Наурыз мейрамына арналған «Ұлы күні ұлыстың, басы болсын ырыстың» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірен жиналған 14 ақын қатысты. Айтыста оқ бойы оза шапқан ақындарға бас жүлдеге 2 миллион, 1-орынға 1 млн теңге, 2 орынға 600 000 ал, 3 орынға 400 000 теңге тігілді.


 АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:

- Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған республикалық айтыс С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өтіп жатыр. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірен келген орақ тілді от ауызды ақын ақын қатысады. Ал, Қызылжар өңірінің намысын ақын Жарқын Жұпархан, Жұмабек Рахымов және Хавдолла Бейсхан қорғамақ.


Сөз бәйгесі басталмастан бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барша жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Сондай-ақ, айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан Жүрсін Ерманға алғысын білдіріп, иығына шапан жапты.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:


 Аламан доданы көруге келген солтүстікқазақстандықтардың қарасы қалың болды. Айтыс тізгінін көрнекті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстады.


АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Наурыз мерекесіне орай үлкен Айтыс өнерінің атамұрасын арқалаған ақындар көші міне қасиетті Қызылжарға, теріскей төңірегіне келіп жатырмыз. Бұл енді кешегі Қожаберген жыраулардың, Шалақын, Мағжан аталарымыздың, Сәбең мен Ғабеңнің табаны тиген қасиетті төріміз ғой. Еліміздің рухани алыптары дүниеге келген өңір.


 Ал, қара қылды қақ жарып, әділдігін айтқан қазылар алқасына «Отан» орденінің иегері Жүрсін Ерман төрелік етті. Сондай-ақ қазылардың құрамында айтыстың жілігін шағып, майын ішкен ақтаңгер ақын Ринат Зайытов та болды.


РИНАТ ЗАЙЫТОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бүгінгі айтыс жақсы өтіп жатыр. Әрине, қазір Ораза айы болғандықтан ол ақындардың отырысына, екпініне әсер етеді.Бірақ, соған қарамастан ақындар жақсы дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен келгендері көрініп отыр. Нұрбол бауырымыз, Хазырет бауырымыз көңілге қонарлықтай өте жақсы айтысты.


 Айызды қандырар айтыста Наурыз мерекесі ұлықталды. Ақындарға Наурызнама онкүндігі бойынша түрлі тақырыптар бекітілді. Сондай-ақ, жүйріктер қазақтың маңдайына туа біткен ірі тұлғаларды да жырға қосып, өмірлерін өнеге етті. Ортаға шыққан 7 жұп ақынның аузынан орамды ой, құнарлы шумақтар алтын болып ақтарылды. Ұлытау облысынан келген айтыскер Төлеген Жаманов Қызылжар өзі үшін өте ыстық екендігін жеткізді.


ТӨЛЕГЕН ЖАМАНОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ:

- Кейінгі кезде шекарның шебінде отырған өңірлерде дәстүрлердің насихатталуы, оның ішінде ұлттық өнер айтыстың дәріптелуі жақсы жолға қойылған. Саханаға шыққан ақынның бәрі мықты. Ішінде осалы жоқ. Өз хәл қадірімізше айтысып шығамыз деген ойдамын. Сәті келіп келіп жатса, сәулелі, орамды ойларды өткіземіз деген ойдамын.


Сондай-ақ, жыр додасында айтыссүйер қауымның көзайымына айналған жұп қызылжарлық Жарқын Жұпархан мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан болды. Ақындар қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов жайлы жырлап, көші қон мәселесін сөз етті.


7 сағатқа созылған айтыс 2 кезеңнен тұрды. Финалға 3 жұп шықты. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені қызылордалық ақын Меійрбек Сұлтанхан иеленді. Оған 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.


 МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН, АЙТЫСКЕР АҚЫН, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ:

- Бүгін Қызылжар еліндегі айтыс Оразамен, Наурыз мерекесімен қатар келген керемет рухани демалыс болды деп ойлаймын.0:34 Халықтың да қошеметі керемет. Мен жеңімпаз болғаныммен бұл жерде барлық ақын бәйгеге лайықты. Ең бастысы қазақтың төл өнері төрге шыққан күн болды деп есептеймін.


 Ал, жүлделі бірінші орын мен 1 миллион теңге Ұлытау облысының намысын қорғап келген Төлеген Жамановқа бұйырды. Ал, екінші орынды қарағандылық Мақсат Аханов пен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев алды.Үшінші орынды Жарқын Жұпархан, Қазірет Бердіхан, Айым Асылбекқызы және Иранғайып Күзембаев бөлісті.