Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуі мәселесі қаралды. Ол жайлы өз баяндамасында табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов айтты.


Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті өңірде 57 субьектінің жұмысын реттейді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында комитетке 34 өтінім келіп түскен. Оның 21-і қаралып, бекітілді. Сондай ақ мемлекеттік орган жыл басынан бері табиғи монополия субъектілеріне шағым тастап 6 әкімшілік іс қозғаған. Бірақ бұл істердің басым бөлігі бойынша әлі сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

- Осы жылы Департаментке келіп түскен өтініш негізінде "Қамқор 2023" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша табиғи монополия субъектісі Департамент бекітпеген тариф бойынша қызмет көрсеткен. Бұл үшін «Қамқор» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды, оның қорытындысы бойынша табиғи монополия субьектісі 516 880 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төледі.


Жиын барысында табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департамент басшысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жайлы өзінің баяндамасын оқып берді.


ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

- Біздің департамент "Севказэнергосбыт" ЖШС жұмысын тексеріп, жылу энергиясы үшін әрі қарай заңсыз төлем алуды тоқтатты. Жүргізілген тексеріс бойынша жалпы сомасы 95 млн.877 мың теңге 1249 тұрмыстық емес тұтынушыға және 33 млн. 206 мың теңгеге 29 мың 595 тұрмыстық тұтынушыға қайта есептеу жүргізді. .


Өңірдегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, спикерге үйлері су басқан тұрғындар үшін Коммуналдық қызмет тарифтері өзгере ме деген сұрақ қойылды.


ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

- Өздеріңіз білетіндей, жылдың басында бізге тариф бағасын өзгерту жайлы өтінімдер келіп түсті, бірақ біз су тасқыны кезеңінде тарифті өзгертуден бас тарту туралы шешім қабылдадық. Бұған субъектілер түсіністікпен қарады, бірақ олардың Департаментке қайта жүгінуге құқытары бар. Бұдан басқа, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен және монополистермен бірлесіп коммуналдық қызметтердің төлемін кейінге шегеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Су тасқыны кезеңінде зардап шеккендерге айыппұл салынбайды, деп атап өтті спикер.