Облыста бірлік күніне орай жалпыреспубликалық сенбілік өтті. Экологиялық іс-шара қаланың тасқын судан зардап шеккен аудандарының бірі Ойқалада да ұйымдастырылды. Сенбілікке өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Сондай-ақ облыс әкімі ықшам аудандағы су басқан үйлерді аралап, тұрғындардың жағдайымен танысты.


Солтүстікқазақстандықтар Бірлік күніне орай жарияланған жалпыреспубликалық сенбілікке қатысты. Ойқала - Петропавлдың тасқыннан зардап шеккен ауданы. Қазір бірсыпыра көше мен үй ауласы құрғаған. Осыған байланысты мұнда тазалық шарасы өтіп жатыр. Оған шаһардың келбетіне бейжай қарамайтын үлкен де, кіші де қатысты.


ОЛЬГА ПОПОВА, ОЙҚАЛА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Баршаңызды Бірлік күнімен құттықтағым келеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан көмек пен халқымыздың бірлігін көріп жан дүниемде жылулық пайда болды. Қиыншылық басталған сәтте еліміздің өзге өңірі мен шет ел азаматтары зор қолдау білдірді. Қазір тұрғындар үйлеріне ақырындап оралып жатыр. Біз Ойқала ықшам ауданының тұрғындары өз аумағымызды ретке келтіреміз. Бұрынғыдан да көрікті бола түседі. Өйткені, Ойқала - біздің қаламыздың келбеті.


Сенбілікке аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Облыс әкімі ортақ іске араласқан жандарды мерекемен құттықтады, алғысын білдірді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл - достықтың, сыйластықтың, ынтымақтың мерекесі.

Алда көп жұмыс тұр. Аумақтарды тазалау жалғасын табады. Қазір зардап шеккен жандарға "Солнечный-2" ауданында үйлер салынып жатқанын да айта кету керек.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Зардап шеккен адамдарға 100 үй салуды бастадық. Оған қоса, әрқайсысы 80 шаршы метрлік типтік жобадағы тағы 400-500 баспана тұрғызамыз. Бұған инвесторлар қаржы бөледі. Бірінші және екінші нарықтағы пәтерлердің тізімі де жасалды. Соларды халыққа ұсынбақпыз. Аудандарды тазарту - негізгі міндеттердің бірі. Бұл іске арнайы бригалар тартылады. Оның құрамына 800-ден астам адам кіреді.


Тазарту жұмысына тартылатын бригалар аудандардан да келеді. Жалпыреспубликалық сенбілік аясында облыс әкімі су кірген үйлерге бас сұқты.