Су тасқынынан зардап шеккендердің жағдайы қоғамдық штаб мүшелерінің ұдайы бақылауында. Мамандар облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп интернат колледжінің жаңа жатаханасындағы тұрғындармен кездесіп, олардың мәселесін жеке қарады. Сонымен қатар Қызылжар ауданында орналасқан халықты уақытша орналастыру пунктінде де болып, мүлікке келтірілген залалды өтеу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Петропавл қалалық мәслихаты депутаты Болат Қожахметов пен әкімдік өкілдері тасқыннан зардап шеккен ойқала мен Заречный ықшам ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында су тасқынынан келтірілген шығынды өтеуге, несие мерзімін шегеруге қатысты мәселелер қозғалды. Сондай-ақ бірреттік өтемақы алу бойынша да кеңес берілді. Қазіргі таңда облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп интернат колледжінің жаңа жатаханасын 241 адам уақытша паналап отыр. Олардың 65-і- бала.


БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

- Біз бірден жұмысқа кірістік. Төртінші мектепте де кездесу ұйымдастырдық. Онда тұрып жатқан тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің жатақханасына да барып, халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Біз барлығын бақылауға алдық.


Тұрғындарды ең алдымен, баспана мәселесі алаңдатады. Марал Ережепова да жиында үйінің жарты бөлігі қамыстан жасалғанын айтып, шығынын өтеуге қатысты сұрақ қойды. Қоғамдық штаб өкілдері ол мәселе комиссияның бағалау жұмыстарын жүргізгенде бірақ шешілетінін айтты.


Марал Ережепова, Прибрежное ауылының тұрғыны:

- Мен Прибрежноеда тұрамын. Үйіміз суға кетті. Өзі 59 жылғы үй. Қамыстан жасалған. Қамыстан немене қалады? Екі-үш айда қандай үй дайын болады бізге деген, мен білмеймін енді. Осы сұраққа жауапты ешкім бере алмай отыр.


Қоғамдық штаб мүшелері Якорь ауылындағы халықты уақытша орналастыру пунктіне барып, тасқын зардабын тартқан тұрғындарға бірЖОЛҒЫ төлем, материалдық шығынды өтеу бойынша сұрақтарға жауап берді. Тұрғындардың кейбірі біржолғы төлемді әлі алмаған. Алайда, белсенділер бүгінге дейін барлық өтініштер қаралғанын, көмек алмағандарға 7 мамырға дейін берілетін айтып өтті. Якорь ауылындағы орта мектепке Ольшанка мен Вишневка ауылының 42 тұрғыны орналасқан. Солардың бірі Вардуи Заргарян Ольшанка ауылында тұрған. Оның үйінің маңай мен жертөлесін су басқан. Қызылжар ауданының тұрғыны әлі бір реттік төлемін алмаған және оны алуы екіталай. Қазір ол туыстарында үйінде тұрып жатыр.


ВАРДУИ ЗАРГАРЯН, ОЛЬШАНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Үйімнің айналасын су басты. Яғни аула мен жертөлені. Біздің малдарымыздың жартысы орманда. Біз отбасында 6 адамбыз. Оның екеуі кішкентай. Сондықтан бізге төлем жасауы керек.


Жалпы аудан бойынша бір реттік төлем алуға қатысты 1524 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1143 тұрғын әлеуметтік көмек алды. Вишневка ауылы бойынша 41 тұрғын өтініш жазса, қазіргі таңда 10 адам төлем алған. Ал Ольшанка ауылының 103 тұрғынынан өтініш келіп түскен. Оның 29-ына біржолғы көмек берілген.