Петропавлдағы су басқан Ойқала ауданында жағдай тыныш. Осыған байланысты, үйлерін су баспаған тұрғындар өз баспаналарына қайта оралып жатыр. Бұл іске полицейлер әкімдік және ТЖ департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, көмек көрсетіп жүр.


 Бүгінгі таңда Ойқала ауданының едәуір бөлігі әлі де су астында. Полицейлер, құтқарушылар, әкімдік қызметкерлері мен еріктілер тұрғындарға көмектесуді жалғастырып жатыр. Полиция департаментінің басшылығы жеке құрамға қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, халыққа мүмкіндігінше жан-жақты көмек көрсетілуі керектігін айтты.


Әлібек Ғабдуллин, Петропавл қ. полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- Полиция қызметкерлері екі ауысымда патрульдейді. Біз жасақтар санын азайтпаймыз. Қазіргі уақытта су кетіп жатқан учаскелердегі қызметкерлерді су басуы мүмкін аймақтарға ауыстырып жатырмыз. Тұрғындар да мұндай шектеу шараларына түсіністікпен қарайды. Бүгінгі таңда біз әкімдікпен және ТЖ департаментімен келісе отырып, бірінші және екінші толқын кезінде су баспаған үйлердің тұрғындарын баспаналарына өткізіп жатырмыз. Қазір олар заттарын әкеліп, үйлеріне көшіп жатыр. Жалпы, жағдай тұрақты. 


Қалалық полицияның қызметкерлері бекеттерде кезекшілікте тұрып, су басқан аймақтарда моторлы қайықтарға мініп тәртіпті қадағалап жүр. Олардың міндеті- ұрлыққа жол бермеу, сондай-ақ, адамдардың суда жүрмеуін қадағалау. Себебі, бұл тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.


Азат Исаев, Петропавл қ. полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы:

- Адамдар үйлеріне келіп, мүліктерін тексеріп жүр. Сондай-ақ қазіргі уақытта әкімдік қызметкерлері мен тәуелсіз бағалау фирмаларының мамандары азаматтардың мүліктерін бағалап жатыр. Сондай-ақ, олармен бірге учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істеп жатыр.


Жалпы, қаланың су басқан аудандарындағы жағдай тыныш. Барлық жұмыстар өз ретімен атқарылып жатыр.Тұрғындар билік өкілдерінің жұмысына түсіністікпен қарап, судың кетуін асығу күту үстінде.