Облыста 3 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 111% құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 37,1 млрд теңгеге жеткен. Алайда, бірқатар ауданда ет өндіру көлемі едәуір төмендеп кеткен. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен өткен жиында айтылды.


Облыстағы мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,5 пайызға артқан . Сүт өндіру 12,6, жұмыртқа 7,8 пайызға өскен. Алайда, Жамбыл ауданы сүт өндіру бойынша, ал Ғ.Мүсірепов жұмыртқа өндірісінде соңғы орында кееледі. Ал өңірдегі ет өндірісі тіптен 4,4 пайызға азайып кеткен.


ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Өңірлерде бірқатар ауданда ет өндірісі төмендеп кеткен. Атап өтер болсам, Мамлют ауданында 16,4. Қызылжарда 16,2, Уәлихановта 10, айыртау ауданында 11,1,Жамбылда 9,9, Тайыншада 4,7 пайызға, Ақжар ауданында 1,1, М.Жұмабаевта 1,9 пайызға азайған.


Ал қаңтар-наурыз айларында облыста 177,1 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген. Жалпы өнімнің 71,7 пайызы Петропавл қаласында шығарылған. Соңғы 3 айда облыс орталығында өндірілген өнім көлемі 126,9 млрд.теңгені құраған. Алайда, Мамлют, М.Жұмабаев пен Тайынша, Аққайың аудандарында бұл саладағы көрсеткіште көңіл көншітпейді. Облысқа инвестиция тартуға тоқталар болсақ. Қаңтар-ақпан айларында өңірге 94,6 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,8 пайызға көп.


ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

- Инвестиция бойынша бірқатар ауданда теріс динамика байқалады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданында 85,5 пайызға, Мамлютта 40,2, Жамбылда 14,3 пайызға, Айыртау ауданында 11,8, Тайыншада 6,6,М.Жұмабаевта 4,6. Аққайыңда 4,3,Қызылжар ауданында 1,6 пайызға төмендеген. Ал құрылыс саласында атқарылған жұмыс 4,8 пайызға өскен. Ақжар, Тимирязев пен Есіл, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында оң динамика бар. Ал Айыртау, Аққайың мен Қызылжар, Тайынша да керісінше құрылыс көрсеткіші төмендеп кеткен.


Өңірде қаңтар-наурыз айларында жалпы ауданы 28508 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.Экономика басқармасы басшысының есебінен кейін Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың экономикалық көрсеткішін артқа тартқан бірқатар ауданның әкімдерін тыңдады. Аймақ басшысы, тез арада ет өндірісін көбейтіп, жіберілген олқылықтарды түзетуді тапСырды.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Барлық тауар өндірушілермен тығыз жұмыс істеп, қандай мал қайдан әкелінетініне дейін жоспар құрастыруларыңыз керек. Жарты жылдықты қорытындылағанда бұл мәселеге қайта ораламыз. Егер аудан әкімдері ет өндірісін арттыра алмаса тәртіптік жаза қолдануға мәжбүр боламыз. Әр айды қорытындылау кезде сіздердің қандай қордан, көрсеткішті қалай өсіретіндеріңіз туралы жоспарларыңыз болуы керек.


Өңірде машина жасау саласында 59 млрд 100 млн теңгеге өнім құрастырылған. Қаңтар-наурыз айларында машина жасау кәсіпорнының тапсырыс портфелі 52,6 пайызға өсіп 97,8 млрд теңгені құраған. Аймақ басшысы, осы көрсеткіштің төмендеп кетпеуін қатаң бақылау керек екенін тапсырды. Сондай-ақ Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыстарын қолға алуды ескертті.Қазір өңірде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге 36 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.


ИЛЬДАР ИСМАҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Биыл 36 жобаның 15-і пайдалануға беріледі. Инвестиция көлемі шамамен 48 млрд теңгені құрайды. Тұрақты 1000 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.


Жиында өткен 3 айдағы облыс бюджеті де қаралды. 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша өңірдің жергілікті бюджетіне 31 млрд 814 млн теңге түскен.


ЛАТИФА ТӨЛЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Облыс бюджетіне 17 млрд 880,6 млн теңге түсті. Бұл көрсеткіш жоспардың 108%-ы орындалғанын көрсетеді. Қала және аудан бюджеттеріне 13 млрд 933,4 млн теңге түсті, бұл жоспардың 113,8%-ы.


Бюджеттің шығыс бөлігі 100 пайызға орындалған. Алайда, 34,5 млн теңге игерілмей қалды. Бірінші тоқсанның қорытындысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы республика өңірлері арасында бюджетті игеру бойынша жетекші орынға ие болды.