Бүгінде жастардың жұмысқа орналасуы үлкен мәселе. Оған тәжірибенің болмауы, еңбек өтілінің жоқтығы да кедергі. Осы орайда Достық үйінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара аясында Жастар ресурстық орталығы мен Жұмыспен қамту орталығының мамандары азаматтарға тиімді бағдарламалар жөнінде толыққанды мәлімет берді. Түпкі мақсат – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою және оларға қолдау көрсету.


Жәрмеңкеде жастардың жұмысқа орналасуы, алғашқы тәжірибесін жинақтау үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы туралы ақпарат ұсынылды. Биыл жыл басынан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 29 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы жыл соңына дейін 192 түлекті жұмыспен қамту жоспарланып отыр.


КАМИЛЛА СЕЙТҚАЗИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Бүгін біз жастарды тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейтін жәрмеңкені ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Жалпы, жастар практикасына оқуды енді бітірген, әлі тәжірибесі жоқ 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 5 жылдан аспаса болғаны. Және жастар практикасына қабылданған маман 12 ай бойы практикада болады.


Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға бүгін Жасыл ел бағдарламасының ұтымды жақтары да түсіндірілді. Бұл жобаға 14-тен 35 жасқа дейінгі оқушылар мен студенттерден бастап жұмыссыз жастарға дейін қатыса алады. Және олар өлкені көгалдандыру мен абаттандыру, сондай-ақ құрылыс бағытында еңбек етеді. Жалпы, жыл басынан бері бұл бағдарламаға қатысуға 128 жас өтініш білдірсе, қазір оның 123-і жұмысқа орналасты дейді, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Жұлдыз Тоқтарғазы.


ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Екіншіден, ата-ана баласының кіммен, қайда, қандай жұмыс берушінің жанында екеіні міндетті түрде біледі. Үшіншіден, бала жалақы алады. Бұны еріктілермен шатастыруға болмайды. Еріктілер рахмет үшін жұмыс істесе, бұл жағдайда еңбекақысы міндетті түрде өтеледі. Уақытылы демалады, өзінің жасына, жұмыс ерекшелігіне сай демалыс күндерін алып отырады.


Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жастарды еңбекпен қамтуға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы маусым айында да ұйымдастырылмақ.