Қазақстандық көрермен көптеген шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді тек қазақ тілі мен орыс тіліне аударылған нұсқасын тамашалайды. Бір қарағанда оңай болып көрінетін жұмыстың біз білмейтін талай қыр-сыры бар. Келесі сюжетте біз сіздерді Петропавл қаласының тұрғыны Анатолий Соловьевпен таныстырамыз, ол бірнеше жыл бойы осы дубляж саласын меңгеріп келеді.


Дубляж шеберлері көрерменге шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді ана тілінде немесе өздеріне ыңғайлы тілде көруге мүмкіндік береді. Олар жай ғана аударылған сөздерді оқып қана қоймай өздері дубляж жасап жатқан кейіпкердің дауыс ырғағын, мінезін айнымай келтіріп, эмоцияларын жеткізуге тырысады.


Кейіпкеріміз басында дубляж шебері боламын деп ойламаған екен. Анатолий өзінің бұл ісін тек ермек ретінде көрген. Бірақ қазіргі таңда ол 200-ге жуық мультфильмге дубляж жасап орыс тіліне аударған. Оның айтуынша шығармашылық процесс төрт кезеңге бөлінеді.


АНАТОЛИЙ СОЛОВЬЕВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:

- Ең бірінші - дайындық кезеңі. Мен өз дауысымды кейіпкерге толықтай бейімдеуге тырысамын. Кейін дубляж жасағым келетін мультфильмның мәтінін толығымен аударып шығамын. Үшінші кезең бұл кейіпкерлерді дауыстау, ал төртіншісі – түпнұсқадағы дыбыспен жұмыс. Мен жай ғана мәтінді оқып шықпаймын, дауыс ырғағын келтіріп, дыбыстық эффектілерді қосамын. Сол кезде ғана мультфильм дәл тұпнұсқадағыдай болады.


Айта кетейік, Анатолийдің негізгі қызметі біздің телеарнамен байланысты. Ол бес жылдан бері Қызылжар арнасында бейнемонтажер болып жұмыс істейді.


Ұлан Ыдырыс