Наурызнама онкүндігіне орай Петропавлдың № 5 орта мектебінде Этнопедагогика деп аталатын орталық АШЫЛДЫ. Мұнда қазақтың салт-дәстүрі, тілі, ұлттық құндылықтары өзге тілді оқушыларға таныстырылып, насихатталмақ. Салтанатты ашылу рәсіміне облыстың кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, оқушылар мен олардың ата-аналары жиналды.


Бұл орталық білім берушілердің ұлттық рух- жігерін ұштайтын, білім алушылардың патриоттық сезіміне қозғау салатын, оларға ұлттық тәлім-тәрбие мен рухани қорек беретін алаң. Мұнда 1 сынып оқушыларынан бастап 11 сыныпқа дейін қазақ тілі пәнінен дәріс өтіледі. Оған қоса, орталықта домбыра, қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Тоғызқұмалақ, асық сынды қазақтың ұлттық ойындары жас ұрпаққа үйретіліп, насихатталады.


 КҮЛІМКӨЗ СМАИЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ № 5 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл кабинетте талай іс-шаралар болады. Яғни біздің қазақи тәрбие беру, қазақи ұлттық тәрбие беру үшін әрине, бізге орталық қажет болды. Талай ғасырлар бойы қалыптасқан этнопедагогика ғылымы арқылы қазақтың ұлттық ойындары, өнері, қолөнері арқылы, салт-дәстүрі арқылы біз осы орыс тілінде білім алып жатқан балаларға осындай тәрбие бермекшіміз.


 Этнопедагогика орталығының ашылуына облфыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері бір кісідей ат салысып, қаржылай қолдау білдірген. Нәтижесінде, орталық жөндеуден өтіп, қазақ халқының ағаштан, былғарыдан жасалған тұрмыстық, қолөнер бұйымдарымен және жаңа жиһаздармен жабдықталды. Ең бастысы, мұнда ұлтымыздың ежелден келе жатқан мұрасы киіз үй орнатылған.


 ЛЕЙЛА САЙДАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Қазір алдамшы дүниенің жетегіне еріп кететін заман. Сондықтан да жастарымыздың көзқарасын өзгертіп, оларға дұрыс бағыт бергім келеді. Ең бастысы, олардың бойында отансүйгіштік, ұтжандылық қасиет болуы керек. Сонда ғана ол, болашағына үлкен сенім артар тұлға болып қалыптасады.


 Алдағы уақытта орталыққа өңірдің өнер адамдары, сөз жүйріктері, қолөнер шеберлері шақырылып, бұл бағытта жұмыс жанданбақ.