М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбайдың дәрісханасы ашылды. Жиынға оқу ордасының басшылығы мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, бұл іс-шара Наурыз мерекесі және «Тарих, экономика және құқық факультетінің» 10 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды.


Зарқын Тайшыбай білім мен ғылым жолында жарты ғасырдан артық еңбек етіп, өлшеусіз үлес қосып жүрген атақты профессор. Іс-шарада академиктің кітаптары мен еңбектері арнайы көрмеге қойылып, қонақтардың назарына ұсынылды. Кейін 6 оқу ғимаратындағы 212 аудиторияға ресми түрде Зарқын Тайшыбайдың аты беріліп, қызыл лентаны «Қоғамдық кеңестің» төрағасы Жараспай Сүлейменов пен университеттің ректоры міндетін атқарушы Рената Апергенова кесті.


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай 2001 М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Журналистика» кафедрасын ашты. Содан бері 100-ден аса шәкірт тәрбиелеп, олардың әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына өз септігін тигізді. Жалпы, бүгінде осы кафедрада 200-ден астам студент оқиды.


ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, «ҚЫЗЫЛЖАР-АҚПАРАТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙДЫҢ ШӘКІРТІ:

- Мен 2003 жылы осы университетке оқуға түстім. 2007 жылы бітіріп шықтым. Университеттің үшінші түлегімін.Зарқын Тайшыбай ең бірінші бізді батылдыққа үйретті. Журналист деген ол қоғамның көшбасшысы болуы керек. Кез-келген мәселені журналистика саласы көтеруі керек. Журналситтер алда жүріу керек деген мақсатты біздің санамызға сіңірді. Біздің Алаш қайраткерлерінің ұстанған мақсатына сайы болуына тәрбиеледі. Бүгінде азды-көпті жетіп жатқан жетістігіміз, дәл осы ұстазымыз Зарқын Тайшыбайдың арқасы деп ойлаймын.


Жиын барысында өңірдің зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Зарқын Тайшыбайға алғыс білдірді. Себебі, профессор тек журналистикада ғана емес, тарих пен өлкетану саласында да бірқатар зерттеу жүргізіп, өшпейтін еңбек қалдырды.


СӘУЛЕ КАРТОВА, ТАРИХ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

- Осы Наурыз мерекесінің қарсаңында біздің кафедраның түлектері, сонымен қатар әріптестері, Қарағанды мемлекеттік университетіндегі журналистика кафедрасының оқытушылары осы дәрісхананың ашылуына көмектесті. Әріптесіміз Зарқын Тайшыбай тек фиолология саласына ғана емес, өлкетану ғылымына да көп үлес қосты. Олар: Абылай тану, Абайтану, Мағжантану секілді тағы да басқа еңбектер.


 Айта кетейік, биыл «Тарих, экономика, және құқық» факультетіне- 10 жыл. 5 кафедрадан тұратын факультетте 1000-ға жуық студент білім алады.