Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шараның екінші күнінде шаруалар Мамлют ауданындағы «Новомихайловское-2003» ЖШС-не серіктестігіне барды. Жалпы, семинарға 30-ға жуық адам қатысты.


Семинарға келген фермерлерге Астана қаласынан келген білікті сарапшы мамандар дәріс оқыды. Екінші күні тағылымдамадан өтушілер «Новомихайловское-2003» серіктестігінің жұмысын көріп, ірі қараға берілетін азықтың құрамымен танысты. Сондай-ақ, малды дұрыс бағалау тәсілдерін үйренді. Жалпы, ірі қараға жем-шөп тек «малды азықтандыру рационы» бойынша ғана беріледі.


ЖАНДОС ХАСЕНОВ, САРАПШЫ:

- Арнайы рационды құрастыратын программалар бар. Сол программалардың арқасында біз зертханада азықтың сапасын бағалаймыз. Соның нәтижесінде азықтандыруды рацион арқылы жасап, механизаторларға береміз. Ал, механизаторлар сол арқылы ірі қараларды азықтандырады.Негізі, малды күніне 2 рет азықтандыру керек. Ал, сапаны бағалау үшін шаруашылықтар ірі қараларды айына 1 рет өлшеп, өсу қарқыныдылығын байқайды. Егер сиыр 1 кг салмақ қосса, бұның жақсы көрсеткіш деген сөз.


150-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Новомихайловское-2003» серіктестігі мал шаруашылығының етті бағытымен айналысады. Қазақтың ақбас сиырын өсіреді. Жалпы, мұнда барлығы 700-ге жуық ірі қара бар.


АЗАМАТ КУЧУМОВ, «НОВОМИХАЙЛОВСКОЕ-2003» ЖШС БРИГАДИРІ:

- Біз серіктестікте бұқаларды кішкентай кезінен бастап өсіреміз. Кейін 1 және 2 категориялар бойынша сатамыз. Жалпы, күнде таңертең тракторлармен шөп, сабан кіргіземіз. Оларды жарнамен араластырамыз. Ал, суды үнемі жылытып аламыз. Солайша, күнінен 2 рет сиырларды азықтандырамыз.


Жалпы, Қазақстанда ет өндірісі жыл өткен сайын дамып келеді. Мәселен, бүгінде облыстың өзінде 150-ге тарта кәсіпорын мал шаруашылығының етті бағытымен айналысады.