Петропавлдағы «Береке» ықшам ауданы Гастелло көшесі 42, 44, 46-шы үй тұрғындары Ұлыстың Ұлы күнін көрші-қолаңменмен тойлауды дәстүрге айналдырған. Аулада бұл жолы да 80 келі палау пісіріліп, наурыз көже дайындалды. Ұлттық ойындар ойнатылды. Мерекені ұйымдастыруға 200-ге жуық пәтер тұрғыны ат салысқан. Әріптесім Айнұр Досанның бейнематериалына назар аударайық.


 Петропавлда 400-ден астам аула бар. Жақсы бастама жұртшылық тарапынан қолдау тауып, Наурыз мейрамында көпқабатты үйлердің маңы ойын-сауыққа толады. Биыл да мерекелік дастархан жайылып, балаларға арнап спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Тұрғындар Ұлыстың Ұлы күніне орай бір қойдың етін сатып алған. Кәуап пісіріп, палау да үлестірілді.


 МӘРИЯМ ЖАНҒОЖИНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Халқымызға тыныштық берсін. Көк аспанның астында осындай той-думандар өтсін дейміз. Наурыздан басқа бізде тұрғындар әр мереке сайын жиналамыз. Жаңа жылда болмасын. Сырғанақ ұйымдастырамыз балаларға.


Мерекені ұйымдастыруға жақын маңдағы №24 және №26 мектеп те ат салысқан. Білім ордалары ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламаны дайындады. Жиналғандар бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болды.


- Бүгінгі біріншіден мұсылман халқын құттықтаймын наурыз мерекесімен. Денсаулық тілеймін, ашық аспан тілеймін. Бүгінгі дайындыққа осы жерде үш үй ат салыстық. Кешеден бері көмектесіп жүрміз. Наурызымыз құтты болсын.


- Наурыз мерекесі, жыл басы деп жатамыз. Сол жыл басы құтты болсын! Барлық халыққа тек қана жақсылық берсін.


- Ұлыстың ұлы күні, наурызымыз құтты болсын! Отанымызда тыныштық болсын. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болсын!


- Бұл өзі наурыз айында біз наурыз көже дайындаймыз. Наурыз көжені жеті түрлі нәрседен жасаймыз. Мынау қыстан қалған соғым етін сүрлеп содан, тары, күріштен салады. Немерелерім бәрі осы жерде жүр. Ұлттық дәстүрді немереден-немереге жалғастырып отырамыз.


 АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:

- Қыс қаһары қайтып, тіршілік атаулыға жан бітіретін жылымық кезеңнің орнығуымен астасып жатқан бұл мереке тұрғындар арасындағы сыйластық пен ауызбіршілікті арттырары сөзсіз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Келе жатқан Әз-Наурыз құтты болсын!


Айнұр Досан